Header Banner

Ербол Жолданғар: Басты мақсатымыз – мемлекеттік қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру

Ербол Жолданғар: Басты мақсатымыз – мемлекеттік қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру
Фото: Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Ербол Жолданғар мемлекеттік қызметтер бойынша 9 айда атқарылған жұмыс қорытындысы туралы сұхбат берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz департаменттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

-    Ербол Қабдығалиұлы департамент мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру мен азаматтардың құқығын қорғау бағытында қандай жұмыс атқарылып жатыр?

-    Иә, біз бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Басты мақсатымыз – мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттырып, азаматтардың құқығын сенімді қорғау. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі мен заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету үшін әдістемелік көмек көрсетеміз. Егер қандай да бір заң бұзушылық анықталса, оны жою және алдағы уақытта қайталанбауы үшін тиісті ұсыныс жолдап отырамыз.

-    Осы есептік кезеңде атқарылған мемлекеттік бақылаудың нәтижесіне тоқтала кетсеңіз. Нақты қандай тексеру іс шаралары өткізілді және анықталған нәтижелер қандай?

-    Бақылау нәтижесі біраз өзекті мәселенді алға тартты. Заң талаптарының сақталуын тексеру үшін 7 жоспарлы тексеру, 17 сыртқы байқау өткізілді. Оған қоса, азаматтар мен заңды тұлғалардан түскен өтініш негізінде 14 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 100-ден астам сұрау жолданып тексерілді. Нәтижесінде жалпы саны 76 243 бұзушылық анықталды.

Толығырақ айтсақ, оның ішінде 1 213-і мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін бұзу болса, 19 785 жағдайда қызмет көрсету мерзімі сақталмаған. 55 034 рет қызмет көрсетуден негізсіз бас тарту дерегі тіркелді. Сондай-ақ 211 басқа да бұзушылық орын алды. Осы кемшіліктерді жою мақсатында тиісті ұсыныс енгізіліп, нәтижесінде 199 қызмет алушының бұзылған құқығы қалпына келтірілді. Бұл жұмыс қызмет сапасын тұрақты бақылап отырудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Сол себепті мемлекеттік органдармен және ұйымдармен үйлестіру жұмысын жүргізіп, мұндай тексеруің қайталануына жол бермеу шарасын қолға алдық.

-    Ал халықтан тікелей түсетін арыз-шағымдардың қаралу барысы қалай болып жатыр?

-    Ол жағынан да нақты нәтижелер бар. Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша келіп түскен 124 қызмет алушының шағымы жан-жақты қаралып, негізді жүгінген қызмет алушының жүз пайызының құқығы қалпына келтірілді, көтерілген мәселелер оң шешімін тапты.

-    Жұмысында кемшілік жіберген немесе анықталған заң бұзушылықтарға жол берген қызметкерлерге қандай шаралар қолданылды?

-    Атап кеткен заң бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғалар жауапкершіліктен тыс қалған жоқ. Тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына қатысты 5 әкімшілік хаттама толтырылып, 212 320 теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар 29 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

-    Ербол Қабдығалиұлы, азаматтардың құқық сауатын арттыру және мұндай бұзушылықтың алдын алу үшін қандай түсіндіру жұмысы жүргізілуде?

-    Біз тек тексерумен шектелмейміз, халыққа түсіндіру және имидждік жұмыстарға, қызмет берушілердің өзін оқытуға да белсенді көңіл бөлеміз. Тұрғындардың хабардарлығын арттыру үшін Халыққа қызмет көрсету бөлімдері мен сауда үйлері сияқты адам көп шоғырланған орындарда «Қызмет алушылар күнін» өткіздік. Сонымен қатар «Елге қызмет» телебағдарламасы ұйымдастырылып, тікелей эфирлер, семинар дәрістер өткізілді, БАҚ-та мақалалар жарияланды. Жалпы алғанда 100-ден астам түсіндіру шарасын өткіздік.

-    Қоғам өкілдерімен кері байланыс жасау және қызмет көрсетуді әрі қарай жетілдіру бағытында қандай жаңа бастамалар бар?

-    Департамент жанында ведомствоаралық жұмыс тобы жұмыс істейді. Жұмыс тобына қоғам өкілдері  белсенді қатысып, оның отырыстарында мемлекеттік қызмет көрсетудегі ең өзекті мәселелерді талқыланды, 31 қызмет берушіге тиісті ұсыныс берілді. Оған қоса елорданың 22 мемлекеттік органды мен ұйымына қоғамдық мониторинг жүргіздік. Сондай-ақ қызметтерді жетілдіру, құқықтық реттеу мен автоматтандыру бойынша 28 бастамашылық ұсыныс әзірленді. Тұтас алғанда, біздің барлық шарамыз мемлекеттік қызметтің сапасын арттырып, азаматтардың құқығын сенімді корғауға бағытталған.

-    Толық әрі мазмұнды ақпаратыңызға рақмет. Жұмыстарыңызға табыс тілеймін.