«Кітап оқитын ұлт»: Астанада республикалық кітап оқу марафонына тіркеу басталды

«Кітап оқитын ұлт»: Астанада республикалық кітап оқу марафонына тіркеу басталды
Фото: pexels.com

Астанада алғаш рет «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафонына қатысушыларды тіркеу басталды. Жоба еліміздің барлық өңірінен қатысушыларды біріктіріп, кітап оқуды насихаттау мен оқу мәдениетін дамытуға бағытталған ірі ұлттық бастамалардың біріне айналмақ, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Марафон 2026 жылдың қыркүйегінен 2027 жылдың сәуіріне дейін қазақ және орыс тілдеріндегі екі тілдік лигада өтеді. Жоба 7 бағытты қамтиды:

– «Кітап оқитын мектеп» – 6-10 сынып оқушыларына;

– «Кітап оқитын колледж» – колледж студенттеріне;

– «Кітап оқитын университет» – жоғары оқу орындарының студенттеріне;

– «Кітап оқитын педагог» – мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушыларына;

– «Кітап оқитын әулет» – отбасылық командаларға;

– «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» – мемлекеттік қызметшілерге;

– «Кітап оқитын зиялы» – жасына және қызмет түріне шектеу қойылмайтын барлық азаматтарға арналған.

Әр қатысушы өз бағыты бойынша арнайы әзірленген қордан 15 кітап оқуы тиіс. Марафонның кітап қорына барлығы 330 шығарма енгізілген. Оның 165-і қазақ тілінде, 165-і орыс тілінде.

Кітаптар тізіміне отандық авторлардың шығармалары, әлемдік классика және заманауи туындылар енген. Тізімді қалыптастыру кезінде жалпыұлттық дауыс беру қорытындысы бойынша «100 кітап» тізіміне енгізілген шығармалар да ескерілген. Сонымен қатар Нобель сыйлығының әдебиет саласындағы лауреаттарының шығармаларын қоса алғанда, әлемдік бестселлерлер қамтылған.

Марафонның негізгі оқырмандық кезеңі биылғы қыркүйекте басталып, 2027 жылдың наурызына дейін жалғасады. Осы кезеңде қатысушылар кітаптарды оқып, жеке кабинетінде шығармаларға қысқаша пікірлерін жариялайды.

2027 жылдың наурыз-сәуір айларында қорытынды тестілеу мен зияткерлік квиздер өткізіледі.

Өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйлықтар табысталады:

– 1-орын – 600 мың теңге;

– 2-орын – 450 мың теңге;

– 3-орын – 300 мың теңге.

Барлық финалист дипломдармен және электронды сертификаттармен марапатталады.

«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбековтің айтуынша, жобаның басты мақсаты тек байқау өткізумен шектелмейді.

«Бүгін біз «Кітап оқитын ұлт» алғашқы республикалық марафонына тіркеуді ашып, осылайша әртүрлі жастағы, мамандықтағы және қызығушылықтағы адамдарды кітап төңірегіне біріктіретін үлкен жалпыұлттық қозғалысқа жол ашып отырмыз.

Баршаңызды марафонға қатысуға шақырамын. Бірлесе отырып, кітап оқуды Қазақстандағы қазіргі өмірдің маңызды құрамдас бөлігіне айналдырып, кітап оқитын ұлттың – мықты, білімді әрі ойлайтын ұлт екенін көрсете алатынымызға сенімдімін», – деді Бақытжан Тұрлыбеков.

Марафонға қатысудың толық ережелері, бағыттар бойынша регламенттер мен кітаптар тізімі жобаның ресми сайтында жарияланған.

Жобаны жүзеге асыруға бірқатар ірі серіктестер де атсалысуда. Қазақстан Жазушылар одағы, Креативті индустрияларды дамыту қоры, KITAP және «Яндекс Книги» цифрлық платформалары оқу мәдениетін дамытуға, заманауи әдеби бастамаларды қолдауға және оқырмандардың кітаппен өзара байланысуына жаңа мүмкіндіктер жасауға ықпал етпек.

«Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.

Бұдан бұрын кітап оқуды насихаттайтындарға ұлттық сыйлық тағайындалуы мүмкін екені айтылған болатын.