Кітап оқуды насихаттайтындарға ұлттық сыйлық тағайындалады
Қазақстанда кітап оқу мәдениетін дамытуға үлес қосқан азаматтарға арналған ұлттық сыйлық тағайындалуы мүмкін, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Бұл туралы Ұлттық академиялық кітапханада өткен «Зерделі ұлт болмысы» атты дөңгелек үстелде Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет айтты.
Оның сөзінше, Президенттің тапсырмасы аясында кітап оқуды дәріптеп жүрген азаматтарды ынталандыру тетігі әзірленіп жатыр.
Ұлттық сыйлық әдебиетті насихаттап жүрген медиа жобаларға, блогерлерге, кітап клубтарына және осы бағыттағы қоғамдық бастамаларды жүзеге асырып жүрген азаматтарға табысталмақ.
Министрлік мұндай марапат қоғамдағы оқу мәдениетін қалыптастыруға серпін береді деп есептейді.
Бұған дейін Ұлттық академиялық кітапханада Астана қаласы әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағының Астана филиалы ұйымдастырған «Зерделі ұлт болмысы» атты дөңгелек үстел өткенін жазған едік.