Бокстан Азия ойындарына баратын құрам қаншалықты тәжірибелі

Бокстан Азия ойындарына баратын құрам қаншалықты тәжірибелі
Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі

Бүгін 19 қыркүйек – 4 қазан күндері аралығында Жапонияда өтетін жазғы Азия ойындарына баратын боксшылардың есімі белгілі болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

2023 жылғы Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарымен салыстырар болсақ, осы құрамнан Махмұд Сабырхан мен Нұрбек Оралбай ғана екінші рет мәрте додаға барады. Ал қалған 4 боксшы үшін биылғы алдағы бәсеке дебют ретінде тіркелмек.

55 келі. Махмұд Сабырхан

Әлемдік рейтингте көш бастап тұрған Махмұд Сабырхан жазғы Азия ойындарына екінші мәрте қатысады. 2023 жылы отандасымыз лицензиялық Азия ойындарында өз салмағының болмауына байланысты 57 келіге көтерілген еді. Осы жолы Махмұд 2 дүркін әлем чемпионы ретінде алтын жүлдеге басты үміткердің қатарына кіреді. Бір ерекшелігі – әлемдік рейтингте 55 келіде ТОП-10 спортшының тізімінде Азия құрлығынан 6 боксшы кіріп тұр. Басты қарсыластардың қатарына Руи Ямагучи (Жапония), Қытайдағы Әлем кубогының финалисі Жиамоа Жанг (Қытай), Билгунсайхан Хархуу (Билгүнсайқын Қарқу Моңғолия), Өзбекстан елінің өкілі кіреді.

60 келі. Оразбек Асылқұлов

Ұзақ жылдар бойы 57 келіде жұдырықтасқан жерлесіміз өткен Қазақстан чемпионатында 60 келіге көтеріліп, қола жүлдеге ие болған еді. Дәл осы салмақта биыл Азия чемпионатында өзін көрсетуге мүмкіндік алып, алтын жүлдені мойынына тақты. Әлем чемпионы саналатын Оразбек Асылқұлов мансабында алғаш рет жазғы Азия ойындарына қатыспақ. 60 келіде жүлдеге басты үміткерлер Париж Олимпиадасының чемпионы Абдумалик Халоков (Өзбекстан), Жапония, Тәжікстан, Қырғызстан мемлекеттері талас жүргізбек.

70 келі. Төрехан Сабырхан

Ұлттық құраманың ең жас боксшысы, 19 жастағы Төрехан Сабырхан әлемдік рейтингте көш бастап тұр. Ливерпульде әлем чемпионы атанып үлгерген талантты отандасымыз Азия чемпионатындағы күтпеген жеңілісі кездейсоқ екендігін дәлелдеуге тырысады. Дәл қазіргі сәтте әлемдік рейтингте ТОП-5-ке Севон Оказава (Жапония), Зейад Ишаиш (Иордания), Байамба-Ердене Отгонбаатар (Моңғолия) кіріп тұр.

80 келі. Сабыржан Аққалықов

Әлем чемпионатының финалисі Сабыржан Аққалықов 2026 жылы Олимпиада бағдарламасына кіретін 80 келіге көтерілуге шешім қабылдады. Маусым айында ғана Қытайда өткен Әлем кубогы кезеңінде боксшымыз өзінің жақсы қырынан көрсете біліп, жаңа салмақта да көшбасшы бола алатындығын дәлелдеді. Басты қарсыластар Өзбекстан, Иордания, Қытай, Оңтүстік Корея елінен болуы әбден мүмкін.

90 келі. Нұрбек Оралбай

Париж Олимпиадасының финалисі, әлем чемпионы Нұрбек Оралбай 90 келіде бір мәрте ғана турнирде жұдырықтасты. Жаңа салмақта рейтингке кірмесе де, қарсыластарына оңай болмасы анық. Бұл салмақта чемпиондыққа басты фаворит – әлем чемпионы Турабек Хабибуллаев (Өзбекстан). Одан кейін Қытай, Тәжікстан, Үндістан спортшылары да жүлдеге үмітті. 2023 жылы отандасымыз Қытайдағы жазғы Азия ойындарының алғашқы айналымда этникалық қазақ Тоқтарбек Таңатқанмен (Қытай) рингте күш сынасып, жол берген еді.

+90 келі. Айбек Оралбай

Париж Олимпиадасынан кейін аса ауыр салмаққа ауысқан Айбек Оралбай маңызды деген әлем чемпионаты және 2 мәрте Азия чемпионатында топ жарып үлгерді. 18 жеңіс сериясымен келе жатқан отандасымыз әлемдік рейтингте де айқын көш бастап тұр. Басты фаворит саналғанымен, Өзбекстан, Қытай, Үндістан боксшылары да айтарлықтай қауіп тудыруы ықтимал.

Қазақ боксшылары жазғы Азия ойындарында қалай өнер көрсеткен?

4 жылда бір мәрте ұйымдастырылатын құрлықтық додада ерлер құрамасы 2014 жылдан бері алтын жүлденің дәмін тата алмай келе жатыр. Инчхон төрінде құрама сапынан Ілияс Сүлейменов (52 келі), Данияр Елеусінов (69 келі), Жәнібек Әлімханұлы (75 келі), Әділбек Ниязымбетов (81 келі), Антон Пинчук (91 келі) және Иван Дычко (+91 келі) чемпион атанған. Сол турнирде Қазақстан боксшылары жалпы есепте алты алтын, екі күміс және екі қола медальмен командалық есепте бірінші орынға шыққан еді.

2018 жылы Жакартада Асланбек Шымбергенов (69 келі) пен Әбілхан Аманқұл (75 келі) күміс жүлдеге ие болса, 2023 жылы аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев күміс жүлде, Асланбек Шымбергенов (71 келі) пен Сағындық Тоғамбай (92 келі) қола жүлде еншіледі.