Қазақстанда «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығына байқау жарияланды
Өтінімдер 7 қыркүйектен бастап қабылданады. Бұл туралы Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Байқау Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың волонтерлік қозғалысты дамыту және қолдау жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылып отыр.
Жыл сайын табысталатын халықаралық сыйлық қоғам игілігіне қызмет етіп, әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуге үлес қосқан волонтерлерді, волонтерлік топтар мен ұйымдарды ынталандыруға бағытталған.
Сыйлық 15 номинация бойынша беріледі:
– «Үздік волонтерлік ұйым»;
– «Корпоративтік волонтерлік көшбасшысы»;
– «Тұрақты даму мақсатының көшбасшылары»;
– «Үздік әлеуметтік көмекші»;
– «Төтенше жағдайларды жоюға белсенді қатысқаны үшін»;
– «Хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеуге белсенді қатысқаны үшін»;
– «Құқық бұзушылық құрбандарына көмек көрсетуге белсенді қатысқаны үшін»;
– «Денсаулық сақтау саласын дамытуға белсенді қатысқаны үшін»;
– «Салауатты өмір салтын насихаттауға белсенді қатысқаны үшін»;
– «Білімді әйгілеудегі үлесі үшін»;
– «Қоршаған ортаны сақтау және қорғауға қосқан үлесі үшін»;
– «Бейбітшілікті, достық пен келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін»;
– «Тарихи-мәдени мұраны сақтауға және дамытуға қосқан үлесі үшін»;
– «Жануарларды қорғау мәселелерін шешуге қосқан үлесі үшін»;
– «Әлеуметтік міндеттерді шешуге қосқан үлесі үшін».
Әр үміткер сыйлықтың тек бір номинациясына қатыса алады.
Құжаттар 2026 жылғы 7-27 қыркүйек аралығында qazvolunteer.kz сайты арқылы қабылданады.
Байқау талаптары мен «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығын беру тәртібі туралы толық ақпарат qazvolunteer.kz порталында және Әділет ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған.
Қосымша ақпаратты +7 (7172) 74-12-86, 74-03-11 телефондары арқылы алуға болады.
Бұған дейін Астананы өзгертуді өзінен бастаған бес волонтердің оқиғасы туралы жазғанбыз.