Астана волонтер көзімен: қалаға көмектесіп жүрген 5 еріктінің оқиғасы

Астана волонтер көзімен: қалаға көмектесіп жүрген 5 еріктінің оқиғасы
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Бірі жоғалған адамдарды іздейді, екіншісі ерекше қажеттілігі бар жандарға көмектеседі, енді бірі қараусыз қалған жануарларды құтқарады. Олардың арасында халықаралық іс-шараларға қатысып жүрген студент те, шығармашылық арқылы мыңдаған адамды қайырымдылыққа жұмылдырған әлеуметтік кәсіпкер де бар. Elordainfo.kz kznews.kz сайтына сілтеме жасап Астананы өзгертуді өзінен бастаған бес волонтердің оқиғасын ұсынады.

Табылған 6000 адам және қайта қауышқан отбасылар

Айзаданың волонтерлік жолы 2016 жылы кішкентай Эллина Кульдинаны іздеуден басталған. Ол кезде жоғалған бүлдіршін небәрі 1 жас 8 айда еді. Бір рет іздеу жұмысына шыққан сол күн оның кейінгі өмірін түбегейлі өзгертті.

Айзада сол кезде баласының қайда екенін білмей отырған ата-ананың жан күйзелісін алғаш рет жақыннан көргенін айтады. Анасының жанарындағы үрей мен үміттің қатар тұруы оған ерекше әсер еткен.

– Мен ата-ананың баласының қайда екенін білмей отырғандағы жан азабын көрдім. Анасының көзінде қорқыныш пен үміт қатар тұрды. Сонда ең қорқыныштысы – белгісіздік екенін түсіндім. Сол кезде өзгенің қайғысына бейжай қарай алмайтын адамдардан команда құру туралы ой пайда болды, – дейді ол.

Бүгінде Айзада Астанадағы LIDER.KZ іздестіру-құтқару жасағының негізін қалаушы әрі жетекшісі. Оның айтуынша, осы уақыт ішінде команда 6000-нан астам адамды тауып, 2000-ға жуық туыстық байланысты қалпына келтіруге көмектескен.

Алайда Айзада үшін бұл жай ғана статистика емес.

Әрбір іздеу хабарландыруының артында баласын күткен ана, ата-анасын іздеген бала немесе жылдар бойы «Қайдасың?» деген сұрақпен өмір сүрген отбасы тұр.

Кейде ұзақ іздеудің нәтижесін бір ғана телефон қоңырауы өзгертіп жібереді. Бір адамның аты-жөні анықталады, бір кездесу ұйымдастырылады, сөйтіп жылдар бойы бір-бірін іздеген адамдар қайта қауышады.

– Мен іздеуші болдым, өйткені мықты едім деп айта алмаймын. Керісінше, өзгенің қайғысын жүрегіме тым жақын қабылдайтын шығармын. Ұйқысыз түндер де, суық та, жүздеген шақырым жол да, көз жасы да болды. Кейде бәрін тастағың келетін сәттер кездеседі. Бірақ артынша «Назар аударыңыз! Адам жоғалды!» деген хабарлама келеді. Біз қайтадан іздеуге кірісеміз. Кішкентай ғана үміт барда іздеуді тоқтатпаймыз. Өйткені кейде бір адамды табу – бір тағдырды ғана емес, тұтас бір отбасын қайтару, – дейді Айзада.

Бір кездесуден басталған үлкен жол

Ботагөздің волонтерлік жолы бұдан да ертерек, 2012 жылы басталған.

Бір күні таныстары оны Астанадағы психоневрологиялық мекемеде тұратын балаларға бірге баруға шақырады. Ол ұсынысты қабылдағанымен, сол қарапайым кездесудің өмірін түбегейлі өзгертетінін ол кезде білген жоқ.

Үш күннен кейін Ботагөз түсінде сол қыздарды көреді. Осыдан кейін олардың тағдырын ұмытып, бұрынғы тіршілігіне орала алмағанын айтады.

Келесі бір жарым жыл бойы ол балаларға тұрақты барып тұрды. Уақыт өте келе жай ғана қонаққа барудан бөлек, олар үшін мерекелер ұйымдастырып, қуанышты сәттер сыйлауға және осы істің айналасына басқа адамдарды біріктіруге деген ниеті күшейген.

2013 жылы Ботагөз балаларға арналған алғашқы іс-шарасын өз бетінше ұйымдастырды. Ол дәл осы күнді өзінің волонтерлік қызметінің нақты басталған кезеңі деп есептейді.

– 2012 жыл менің өзім өзгерген жыл болды. Бір қарағанда бұл жай ғана шақыру еді. Баруыма да, бармауыма да болатын. Бірақ кейде біз қабылдаған кішкентай шешімнің қаншалықты маңызды екенін сол сәтте түсінбейміз. Кейін сол бір шешімнің бүкіл өміріңді айқындап бергенін көресің, – дейді Ботагөз.

Осыдан кейін оны түрлі қорлар мен қоғамдық бірлестіктердің басшылары іс-шараларға шақыра бастады. Жаңа жобалар, жаңа таныстықтар пайда болды.

Ботагөз негізгі мамандығы бойынша заңгер. Сондықтан кәсіби білімі арқылы да отбасыларға кеңес беріп, күрделі жағдайларда құқықтық мәселелерді шешуге көмектесіп жүрген.

Бірақ уақыт өте волонтерлік оның өмірінде барған сайын маңызды орын ала бастады.

2016 жылы әріптестері оған жеке ұйым құру туралы ұсыныс айтады. Ботагөз Қазақстандағы қоғамдық қорлардың қызметін зерттеп, қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастыруды жеке бағыт ретінде дамытатын ұйымдардың аз екенін байқайды.

Осылайша «Особые праздники» қоғамдық қоры дүниеге келді.

Қордың негізгі идеясы – адамдарға жай ғана материалдық көмек көрсету емес, олардың өздерін қоғамға қажет, маңызды тұлға ретінде сезінуіне мүмкіндік беретін орта қалыптастыру.

Ботагөздің айтуынша, волонтерлік жылдар ішінде атқарған жұмысының ауқымы ғана емес, өзінің адамдарға деген көзқарасы да өзгерген. Ол төзімді әрі эмпатиясы жоғары бола түскенін айтады.

– Адамдармен ұзақ жұмыс істегенде бір нәрсені түсінесің. Кейде адамға үлкен көмек қажет емес. Кейде оны жай ғана тыңдау керек. Меніңше, қаланың дамуын жаңа ғимараттар мен нысандардың санымен ғана өлшеуге болмайды. Қала адамдар бір-біріне жауапкершілікпен қарай бастағанда өзгереді. Ал волонтер ең алдымен адамның өзін, оның қажеттілігін, жалғыздығын, қорқынышын, үмітін көреді, – дейді ол.

Оның пікірінше, волонтерлікке қосылу үшін бірден қор құру немесе үлкен жоба бастаудың қажеті жоқ.

Бір адамға көмектесуден, бір игі істен немесе уақытыңның бір сағатын өзгеге арнаудан бастау жеткілікті. Өйткені кейде тұтас қаланы өзгерту үшін алдымен бір адамның өмірін өзгерту керек.

20 жылдан астам адамдарды қорғады, енді жануарларға көмектесіп жүр

Мираның оқиғасы волонтерлікке апаратын жолдың мүлде күтпеген жерден басталуы мүмкін екенін көрсетеді.

Қазір ол 49 жаста. 18 жасынан бастап құқық қорғау органдарында қызмет етіп, Ішкі істер министрлігі мен Қорғаныс министрлігі жүйесінде 20 жылдан астам еңбек еткен. 2018 жылы запастағы подполковник шенімен зейнетке шықты.

Қызметтік өмірінің басым бөлігі мемлекет пен адамдардың қауіпсіздігін қорғауға арналса, кейін оның өмірінде жануарларға көмектесу деген мүлде жаңа бағыт пайда болды.

Мираның өзі жануарларды қорғау ісіне қалай келгенін әлі күнге дейін нақты түсіндіре алмайтынын айтады. Өйткені бұған дейін бұл саладан алыс болған.

Соған қарамастан, ол шамамен 10 жылдан бері көмекке мұқтаж жануарларды құтқарып келеді. 2019 жылдың мамырында қараусыз қалған жануарларға арналған панажай ашқан.

Мұнда негізінен ауыр жарақат алған, көлік қағып кеткен, адамдардың қатыгездігінен зардап шеккен жануарлар жеткізіледі. Сондай-ақ аулау орындарынан жағдайы ауыр және мүгедектігі бар иттер қабылданады.

Қазір панажайда 150-ден астам жануар бар. Олардың басым бөлігі – иттер.

– Біз оларды емдейміз, бағып-қағамыз, жаңа үй мен отбасы табуға тырысамыз. Бірақ шын мәнінде олардың 99 пайызы бізде қалып қояды. Панажайға бара жатқанда да, қайтып келе жатқанда да жолда кездескен көптеген қаңғыбас жануарды тамақтандырамыз. Көлікпен трассаларға да шығып тұрамыз. Бұрын жануарларға көмектесу өмірімнің осындай үлкен бөлігіне айналады деп ойламағанмын, – дейді Мира.

Оның волонтерлік қызметі мұнымен шектелмейді. Мира LIDER.KZ ұйымында із-түзсіз жоғалған адамдарды іздеуге де қатысады.

Осылайша өмірінің 20 жылдан астамын мемлекеттік қызметте адамдардың қауіпсіздігіне арнаған ол зейнетке шыққаннан кейін де көмек көрсетуді тоқтатпаған. Тек оның қамқорлығына мұқтаж жандар қатарына қараусыз қалған жануарлар да қосылды.

19 жастағы студент қаланы қалай таныды?

Плотникова Дарья 19 жаста. Үш жылдан бері «Астана жастары» ұйымының волонтері.

Алғашында ол еріктілер қатарына өзін жаңа бағытта сынап көру үшін ғана қосылған. Алайда уақыт өте волонтерлік өмірінің маңызды бөлігіне айналған.

Осы үш жылда Дарья волонтерлік қызметтің түрлі бағытын байқап көрді. Ірі халықаралық іс-шараларға қатысып, әлеуметтік және экологиялық жобаларда жұмыс істеді.

Оның волонтерлік тәжірибесіндегі ең ауқымды оқиғалардың қатарында 2024 жылғы Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті мен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары бар.

Дарьяның айтуынша, мұндай деңгейдегі іс-шараларда сырт көзге елеусіз көрінетін әрбір міндеттің жалпы нәтижеге тікелей әсер ететінін түсінесің.

– Осындай үлкен іс-шараның ішінде жүргенде әр адамның жұмысы қаншалықты маңызды екенін сезінесің. Тіпті кішкентай ғана тапсырманың өзі үлкен процестің бір бөлігіне айналады. Ал ортақ нәтиже команданың қаншалықты үйлесімді жұмыс істейтініне байланысты. Мұндай іс-шаралар маған сенімді болуға, жауапкершілікті сезінуге және түрлі жағдайда жылдам шешім қабылдауға үйретті, – дейді Дарья.

Ол үшін әлеуметтік волонтерліктің де орны ерекше.

Дарья жануарлар панажайларына барып, жалғызбасты қарттарға көмектескен. Дәл осындай кездесулер кезінде көмектің міндетті түрде үлкен немесе материалдық болуы шарт емес екенін түсінген.

Кейде адамға назар аудару, жылы сөз айту, әңгімелесу немесе оны біреудің ұмытпағанын сезіндірудің өзі жеткілікті.

Дарья экологиялық акцияларға да тұрақты қатысады. Соңғы үш жылда «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы шараларға, қалалық сенбіліктерге және ағаш отырғызу жұмыстарына атсалысқан.

Оның айтуынша, экологиялық волонтерліктің ерекшелігі – атқарған еңбегіңнің нәтижесін бірден көруге болады. Тазаланған көше, ретке келтірілген аумақ немесе өз қолыңмен отырғызған ағаш қалада қалып, жылдар бойы өседі.

– Бұрын Астананы өзім туып-өскен және тұратын қала ретінде ғана қабылдайтынмын. Қазір Астана дегеніміз ең алдымен адамдар екенін түсіндім. Қарттарға көмектесетін, жануарларға қамқор болатын, сенбілікке шығатын, қалалық іс-шараларға қатысатын және басқа адамға уақытын бөлуге дайын тұрғындар. Мен үшін волонтер болу – қаланы басқа біреу жақсартқанын күтпей, оған өзіңнің үлесіңді қосу, – дейді ол.

Үш жыл ішінде волонтерлік Дарьяға тәжірибемен қатар жаңа достар, көптеген естелік және қалаға деген мүлде басқа көзқарас сыйлаған.

Рахима Берген: Бәрі бір шумақ жіптен басталды

Әлеуметтік кәсіпкер, тоқыма суретшісі Рахима Берген – «Путь мастерства» қоғамдық қорының негізін қалаушы және директоры, әлеуметтік және шығармашылық жобалардың авторы. Ол сондай-ақ GBR Әлемдік рекордтар кітабына енген «Ұлы дала аруы» жобасын жасаған.

Рахима өзінің волонтерлік қызметі өмірінің осыншалықты үлкен бөлігіне айналады деп ешқашан ойламағанын айтады. Оның жолы өте қарапайым ниеттен – өзі білетін өнерді өзгелермен бөлісуден басталған.

Рахима көп жылдан бері тоқу және шығармашылықпен айналысады. Бір сәтте ол өзінің білімі мен шеберлігі басқа адамдарға пайдалы болуы мүмкін екенін түсінген.

Осылай балалар мен ересектерге арналған алғашқы тегін шеберлік сабақтары пайда болды.

Уақыт өте сабаққа алғашында тек тоқуды үйрену үшін келген адамдардың өздері басқаларға көмектесе бастаған. Бірі жіп әкелсе, екіншісі үйінде бұйым тоқыған. Тағы бірі инсталляцияларды жинауға көмектесіп, жаңадан келген қатысушыларға білгенін үйреткен.

Осылай шығармашылықтың айналасында біртіндеп тұтас қауымдастық қалыптасты.

– Маған адамдардың алғашында жай ғана тоқуды үйрену үшін келіп, кейін «енді мен де көмектескім келеді» деп қайта оралғанын көру ерекше ұнайтын. Біреу жіп әкелді, біреу үйінде тоқыды, енді бірі инсталляцияларымызды құрастыруға көмектесті немесе жаңадан келгендерді үйретті. Осылайша шығармашылық адамдарды игі істің айналасына біріктіре бастады, – дейді Рахима.

Шағын бастамалар бірте-бірте ауқымды жобаларға ұласты. «Тепло рук», құрақ-көрпе техникасындағы эко-шырша, «Узы времени», қалалық инсталляциялар мен фестивальдер пайда болды.

Кейін «Путь мастерства» қоғамдық қоры құрылып, оның жобалары мен оқыту бағдарламаларына мыңдаған адам қатысты.

Рахима үшін «Ұлы дала аруы» жобасының орны ерекше. Оның айтуынша, бұл бастама шығармашылықты, волонтерлікті, ұлттық дәстүрді және ортақ идея төңірегіне біріккен адамдардың күшін тоғыстырды.

Жоба GBR Әлемдік рекордтар кітабына енген сәтте Рахима осы үлкен жолдың бір кездері қарапайым бір шумақ жіп пен өз өнерін өзгелермен бөлісу ниетінен басталғанын еске алған.

– Мен үшін бұл рекорд – жобаға өз қолының еңбегін, уақытын және жан дүниесінің бір бөлшегін салған әр адамның жетістігі. Бүгінде шығармашылық арқылы ұрпақтарды, қалалар мен елдерді біріктіріп, Қазақстанды әлемге танытып, адамдар үшін жаңа мүмкіндіктер жасағым келеді. Мен үшін ең құндысы – адамның алғашында қатысушы болып келіп, кейін «енді мен де көмектескім келеді» деуі. Менің жолымның мәні де осында шығар: өзім ғана жасау емес, өзгелерді жасауға, көмектесуге және өз мүмкіндігіне сенуге шабыттандыру, – дейді Рахима Берген.

Бес түрлі бағыт, бір қала

Айзада, Ботагөз, Мира, Дарья және Рахиманың волонтерлікке келу жолдары бір-біріне ұқсамайды.

Бірі жоғалған баланы іздеуден бастады. Екіншісінің өмірін ерекше балалармен бір кездесу өзгертті. Үшіншісі ұзақ жыл құқық қорғау саласында қызмет еткеннен кейін қараусыз қалған жануарларды қорғауға кірісті. 19 жастағы студент волонтерлік арқылы өзі өскен қаланы басқа қырынан таныса, шығармашылықпен айналысқан Рахима бір шумақ жіптен басталған бастамасын мыңдаған адам қатысатын қозғалысқа айналдырды.

Олардың қызмет бағыттары да әртүрлі. Бірақ бес оқиғаның ортақ тұсы бар: әрқайсысы бір күні өзгенің мәселесіне сырттай қарап қалмай, әрекет етуді таңдаған.

Сол әрекет бір жағдайда жоғалған адамды отбасына қайтарды, екінші жағдайда ерекше қажеттілігі бар жанға қуаныш сыйлады, үшіншісінде жаралы жануарға жаңа өмір берді. Ал кейде бір адамның жасаған қадамы айналасына ондаған, жүздеген, тіпті мыңдаған адамды біріктірді.

Олардың әңгімелерінен Астананың тағы бір келбетін көруге болады. Бұл – зәулім ғимараттар мен үлкен көшелерден ғана емес, бір-біріне көмектесуге дайын адамдардан құралған қала.