Астаналық сақшы әлем чемпионатында Қазақстан намысын қорғайды
Щучинск қаласында күштік құрылымдар мен облыстық федерациялар өкілдері арасында қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан Республикасының кубогы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жарысқа 17 команда құрамында 240 спортшы қатысты. Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздарға биыл қазан айында Бурса қаласында өтетін әлем чемпионатына қатысуға лицензия берілді.
Жарысқа Астана қаласы Полиция департаменті бастығының көмекшісі, қоян-қолтық ұрыстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мұрат Исмағамбетов те қатысты. Ол ҚР ІІМ-нің ARLAN спорт клубының атынан өнер көрсетті.
95 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Мұрат Исмағамбетов бірінші орын алып, Қазақстан Республикасы кубогының алтын медалін иеленді. Жарыстағы нәтижесі бойынша ол әлем чемпионатына қатысу лицензиясына да ие болды. Алдағы додада ол Қазақстан құрамасының сапында ел намысын қорғайды.
Еске сала кетейік, Астанада сенбі күні әуесқой желаяқтарға арналып түнгі жарыс өткізіледі.