Астаналық триатлоншы жасөспірімдер Олимпиадасының қола жүлдегері атанды

Бүгін, 15:39
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астаналық триатлоншы жасөспірімдер Олимпиадасының қола жүлдегері атанды
Фото: ҚР ҰОК

Астана қаласының спортшысы Рамазан Әйнегов Сенегалдың Дакар қаласында өтіп жатқан IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасында қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.

Елордалық триатлоншы жарыс жолын 53 минут 27 секундта бағындырып, жапониялық Дайки Нисидзакимен бір уақытта мәреге жетті. Нәтижесінде қос спортшы үшінші орынды өзара бөлісіп, жеңімпаздан небәрі 14 секундқа қалып қойды.

Жарыста Португалия өкілі Артур Гашпар 53 минут 13 секунд нәтижесімен жеңімпаз атанды. Ал Люксембург спортшысы Эмиль Ванолст (53:23) күміс медаль иеленді.

Осылайша, астаналық Рамазан Әйнеговтің қола жүлдесі Қазақстан құрамасының Дакардағы жасөспірімдер Олимпиадасында жеңіп алған екінші медалі болды.

Бұған дейін дзюдошы Фатима Сұпығалиева 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде топ жарып, ел қоржынына алғашқы алтын медальді салған еді.