Астанада сенбі күні әуесқой желаяқтарға арналып түнгі жарыс өткізіледі
5 қыркүйекте елордада «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында «Night Run» бұқаралық түнгі жүгірісі өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.
Жарыс кешкі сағат 20:00-де Алматы ауданындағы Триатлон саябағында басталады. Қатысушылар 5 шақырым қашықтықта бақ сынайды.
Оған қатысу үшін алдын ала онлайн тіркеуден өту қажет. Тіркелу 2 қыркүйектен бастап reg.elordasport.kz сайтында жүргізіледі. Қатысушылар саны 1700 адаммен шектелген. Қатысу тегін.
«Бұқаралық спорт шараларының негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттап, тұрғындарды тұрақты дене белсенділігіне тарту. Соңғы жылдары елордада жүгіруге қызығушылық танытып, бұқаралық спорттық бастамаларға қатысатын тұрғындар қатары артып келеді. Мәселен, биылғы Астанада 21-ден астам жүгіру жарысы мен марафон, сондай-ақ 5 веложарыс ұйымдастырылды. «Night Run» да осы бағыттағы бұқаралық спортты дамытуға арналған шараның бірі. Түнгі жүгірудің өзіндік ерекшелігі бар әрі тұрғындарға бос уақытын белсенді әрі пайдалы өткізуге мүмкіндік береді. Елорда тұрғындары мен қонақтарын жарысқа қатысып, спорттық кештің бір бөлігі болуға шақырамыз», – деді Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мәдина Айтқалиева.
Тіркеуден өткен қатысушылар жарыс күні, 5 қыркүйекте сағат 17:30-дан 19:30-ға дейін Триатлон саябағынан жарыс нөмірі мен лотерея билетін ала алады.
Іс-шара Астана қаласы әкімдігінің, «Алматы» ауданы әкімі аппаратының, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының және Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының қолдауымен ұйымдастырылады.
Айта кетейік, жарыс Триатлон саябағының аумағында өтеді. Осыған байланысты іс-шара кезінде қала көшелері жабылмайды және көлік қозғалысына шектеу қойылмайды.
Еске салсақ, таяуда Астанада өткен «KIDS RUN – Білімге бастар қадам» жарысына мыңға жуық бала қатысты.