Асылайым Шерехан: Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолы – жастарға үлгі
5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні әрі ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Осы айтулы датаға орай Астана қаласы әкімдігінің Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейінде ғалымның мұрасын жас ұрпаққа танытуға бағытталған түрлі жұмыстар атқарылып келеді. Мектептің педагог-психологы Асылайым Шерехан Ахмет Байтұрсынұлының тұлғасы жастардың қалыптасуына қалай әсер ететіні және білім ордасында оның мұрасын дәріптеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
– Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен мұрасын қазіргі жастар үшін қандай қырынан маңызды деп бағалайсыз?
– Ахмет Байтұрсынұлы – ағартушы, ғалым, ақын, ұстаз әрі қоғам қайраткері. Ол өзінің бүкіл ғұмырын халықтың сауатын ашуға, ана тілін дамытуға, ұлттық сананы қалыптастыруға және елге қызмет етуге арнады. Оның бойындағы мақсат қоя білу, ішкі мотивация, қиындыққа төзімділік, үздіксіз білім алуға ұмтылу, қабілетті дамыту және қоғам алдындағы жауапкершілік секілді қасиеттер бүгінгі жастар үшін де маңызды. Қазіргі жас «Мен кім боламын?», «Менің қоғамға қандай пайдам тиеді?», «Қандай қабілетімді дамыта аламын?» деген сұрақтарға жауап іздейді. Осы тұрғыдан алғанда Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолы – жастарға үлгі.
– Мектепте Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын оқушыларға таныту бағытында қандай жұмыстар жүргізіліп келеді?
– Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейінде бұл бағытта түрлі жұмыстар атқарылады. Соның бірі – «Ахмет Ақтаңгерлері» оқушылар театры. Қойылымдарда Ахмет Байтұрсынұлының өмірі, шығармашылығы, ағартушылық және азаматтық қызметі көрсетіледі. Мұндай жұмыс оқушылардың сахна мәдениетін, өзін еркін жеткізуін, өзіне деген сенімін, эмоционалдық әсерлілігін, жауапкершілігі мен топпен жұмыс істеу қабілетін дамытады. Психологиялық тұрғыдан алғанда, театр баланың ішкі әлеуетін ашуға мүмкіндік береді.
– Мектеп мұражайындағы Ахмет Байтұрсынұлына қатысты жәдігерлердің оқушылар үшін қандай маңызы бар?
– Мектеп музейінде Ахмет Байтұрсынұлының көзі тірісінде пайдаланған жеке заттары және көзі тірісінде салынған портреті сақталған. Мұндай нақты жәдігерлер оқушыларға тарихты жақынырақ сезінуге, тұлғаны тереңірек тануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұғалімдер Ахмет Байтұрсынұлының туған жеріне барып, тарихи орындарды аралап, құнды мәліметтермен танысты. Бұл сапарлар ұстаздардың тарихи мұраны тереңірек зерттеуіне және оны жастарға жеткізудің жаңа жолдарын іздеуіне ықпал етеді.
– Жас мамандардың Ахмет Байтұрсынұлының портретін string art техникасында жасап, мектеп музейіне табыстаған жұмысы туралы айтып өтсеңіз.
– Жас мамандар Ахмет Байтұрсынұлының портретін жіппен тоқу, яғни string art техникасы арқылы өз қолдарымен жасап, мектеп музейіне табыстады. Портреттің ені – 2 метр, биіктігі – 3 метр. Бұл – жай ғана өнер туындысы емес, еңбек пен шығармашылық арқылы білдірілген құрмет. Жұмыс барысында жас мамандар ортақ мақсатқа жұмылып, бір-біріне қолдау көрсетіп, жауапкершілік пен табандылық танытты. Бірлескен шығармашылық қарым-қатынасты, жауапкершілікті, табандылықты және өзіндік ойды жеткізу қабілетін дамытады. Олар Ахмет Байтұрсынұлын жай ғана танып-білумен шектелмей, өз еңбегі арқылы оған құрмет көрсетті.
– Осындай жұмыстардың жастардың рухани және тұлғалық дамуына әсерін қалай бағалайсыз?
– Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы – тек тарихта қалған дүние емес, бүгінгі жастардың рухани және тұлғалық дамуына ықпал ететін құндылық. Оның өмірі білім алуға, мақсат қоюға, қиындыққа төтеп беруге, жауапкершілікке және қоғамға пайдалы болуға үйретеді. Мектептегі театр, музейдегі жәдігерлер, ұстаздардың тарихи орындарға сапары және көлемі 2х3 метрлік string art портреті – осы сабақтастықтың көрінісі. Педагог-психолог ретінде мұндай жұмыстар оқушылардың тарихи санасын, өзін-өзі тануын, шығармашылығын, жауапкершілігін және ұлттық құндылықтарға деген құрметін қалыптастыруға ықпал етеді.
– 5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні. Ахмет Байтұрсынұлының ана тілі мен ұлттық санаға қатысты мұрасын бүгінгі жастарға жеткізуде не маңызды?
– Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын жастарға жеткізу – өткенді құрметтеу ғана емес, болашаққа бағыт беру. Оның ағартушылық қызметі, ана тіліне деген жанашырлығы, білім мен еңбекке мән беруі бүгінгі ұрпақ үшін де өзекті. Сондықтан оның мұрасын мектеп қабырғасында тек тарихи дерек ретінде емес, жастардың күнделікті өмірінде қолдана алатын құндылық ретінде таныту маңызды. Білім мен еңбек – адамның жеке жетістігінің ғана емес, елге қызмет етудің де негізі.
– Сұхбатыңызға рақмет!