Қаллеки театры жаңа маусымын «Қарагөз» қойылымымен ашады

Қаллеки театры жаңа маусымын «Қарагөз» қойылымымен ашады
Фото: Қаллеки театры

9 қыркүйек күні Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры жаңа 36-шы маусымын ашады. Театр маусымы М.Әуезовтің «Қарагөз» қойылымымен басталады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Қарагөз» трагедиясы – қазақ драматургиясының алтын қорындағы шоқтығы биік шығармалардың бірі. Спектакльде Сырым мен Қарагөздің тағдыры арқылы махаббат пен дәстүр, жеке адамның таңдауы мен қоғамдық көзқарас арасындағы қайшылықтар көрсетіледі. Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлсина Миргалиева. Қоюшы суретші – Қанат Мақсұтов. Композитор – Олжас Дәлелхан. Хореограф – Салтанат Сұңғат. Киім суретшісі – Мәдина Қосмағанбетова.

Қарагөз рөлін актриса, ҚР «Дарын» Мемлекеттік Жастар сыйлығының лауреаты Ақмарал Танабаева, Сырымды Әнуар Бектас, Нарша рөлін Бәзіл Сұлтанғазы сомдайды. Сонымен қатар спектакльде «Құрмет» орденінің иегерлері Майра Омар, Ержан Нұрымбет, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Қуандық Қыстықбай, актриса Айнұр Жетпісбаева және тағы басқа актерлер өнер көрсетеді.

Жаңа маусымда театр көрерменге классикалық шығармалармен қатар, заманауи драматургия туындыларын және түрлі жанрдағы спектакльдерді ұсынады. Қыркүйек айының репертуарында Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен тер» драмасы, М.Әуезовтің «Абай» қойылымы, С.Тұрғынбекұлының «Шәмші» элегиясы, Ж.Әлікеннің «Жүрек сыры. Махаббатым сен...» драмасы, М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» драмасы, У.Шекспирдің «Romeo& Juliet» синема-эпосы, балаларға арналған «Ертегі түннің әуені» классикалық ертегілер жиынтығы мен «Құмқала», «Бала мерген» ертегілері, Л.Толстойдың «Анна Каренина. Роман парақтары» хореодрамасы, Қ.Жиенбайдың «Патша көңілім, не дейсің?!.» комедиясы, Б.Брехттің «Шеңбер» драмасы, С.Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғанда» мелодрамасы, Д.Исабековтің «Қазақы комедия немесе Бонапарттың үйленуі» комедиясы, «Кешкі 7» спектакль-концерті, Е.Жуасбектің «Үйлену» музыкалық комедиясы, Ш.Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» лирикалық драмасы, Г.Бюхнердің «Войцек» драмасы,  Э.Хушвақтовтың «Қызыл алма» лирикалық комедиясы, Р.Мұқанованың «Бопай ханым» спектакльдері ұсынылады.