Ербол Тілешов: Қазақ тілі жаңа ой мен жаңа контенттің тіліне айналып келеді
Қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейіп, жастар арасында жаңа ой мен түрлі тақырыпты жеткізетін заманауи тіл ретінде қалыптасып келеді. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов Қазақстан халқының Тілдер күніне орай айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, қазақ тілінің болашағы – осы тілде сөйлеп, ойлайтын және оған еңбек ететін азаматтардың көбеюімен тікелей байланысты. Бүгінде қазақ тілі жаңа технологиялар, әлеуметтік желілер мен түрлі контент арқылы кеңістігін ұлғайтып келеді.
«Тілдің кеңістігі кеңейе берсін. Қазір қазақ тілі әлеуметтік желілерде, әртүрлі контенттерде кең қолданылып келеді. Бұрын әдеби, тарихи тақырыптар басым болса, қазір қазақ тілінде бизнес, кәсіп, психология, философия сияқты сан алуан мәселелер қозғалады. Бұл – тіліміздің өркендеп келе жатқанын көрсетеді», – деді Ербол Тілешов.
Комитет төрағасы, әсіресе, жастардың қазақ тіліндегі контентке белсенді араласуын маңызды үрдіс ретінде атап өтті. Оның пікірінше, қазіргі жастар тілге жаңа сөздер, жаңа тіркестер мен жаңа идеялар әкеліп жатыр.
«Қазақ тіліндегі подкасттарда жастар көп көрінеді. Олар еркін ойлайды. Тілдің дамуы үшін белгілі бір деңгейде еркіндік қажет. Қазір қазақ тілі жаңа ойларды, жаңа идеяларды бейнелеуге жарап жатыр», – деді ол.
Ербол Тілешов қазақ тілін тек өткеннің мұрасы немесе классикалық әдебиеттің тілі ретінде қабылдамау керектігін айтты.
«Қазақ тілі – тек грамматика немесе тарихи шығармалардың тілі емес. Ол бүгінгі адамға ыңғайлы, күнделікті қолданыстағы, жаңа ойды ықшам әрі нақты жеткізе алатын тілге айналып келеді. Бұл – жастардың тілге әкеліп жатқан табиғи жаңалығы», – деді Ербол Тілешов.
Ол қазақ тілінің байлығы мен сөз жасау мүмкіндігі де оның заманауи қажеттіліктерге бейімделуіне мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Қазақ тілі – бай әрі бейнелі тіл. Оның грамматикалық құрылымы, сөзжасамы мен термин жасау мүмкіндігі өте кең. Сондықтан басқа тілден сөзбе-сөз аударуға ғана сүйенбей, өз тіліміздің табиғи мүмкіндігін пайдалануымыз керек», – деді комитет төрағасы.
Ербол Тілешов бүгінгі жастарға сенімі мол екенін айтып, олардың тілдің болашақ дамуына үлкен үлес қосатынын жеткізді.
«Қазақ мектептері мен қазақ бөлімдерінің қатары көбейген сайын оларға деген сұраныс та артады. Оқулық, оқу құралы, жаңа мазмұн қажет болады. Сол қажеттілікті қамтамасыз ететін мамандар да осы жастардың арасынан шығады. Сондықтан қазіргі жастарға сенімім мол», – деді ол.
Тіл саясаты комитетінің төрағасы Тілдер күніне орай қазақ тілінің кеңістігі одан әрі кеңейіп, ұрпақтан ұрпаққа жалғаса беруіне тілектестік білдірді.
Айта кетейік, Қазақстан халқы тілдері күніне орай қаламгерлер арасында елордада қаламгерлер арасында дәстүрлі «Сөз бен сана» бильярд турнирі өтіп жатыр.