Президент: Еңбек адамдарына құрмет көрсету – мемлекеттік саясатымыздың өзегі

Президент: Еңбек адамдарына құрмет көрсету – мемлекеттік саясатымыздың өзегі
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында осылай мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының пікірінше, жұмысшы мамандық иелері еліміздің өркендеуіне белсене атсалысып келеді.

«Қазір осы жерде адал еңбегімен зор табысқа жеткен нағыз еңбек адамдары отыр. Бұл орайда «Астана-Көгалдандыру құрылысы» мекемесінің қызметкері Дидар Телжанұлын ерекше атап өтуге болады.

Осы саладағы игі істер мен Президент ретінде ұсынған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасымен тығыз байланысты. Бұл бүкіл елімізге өте қажетті жұмыс деп айтсақ, қате болмайды.

Өйткені көшелеріміз таза болмаса, әрбір жерде ағаш пен гүлдер көп егілмесе, азаматтарымыз табиғатқа қамқор болмаса, еліміз де жасампаз болмайды. Бұл – анық нәрсе.

Бұл – Үкімет болсын, Құрылтай болсын, құқық қорғау мекемелері болсын, жергілікті билік өкілдері мен басқа да мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың, барлық жоғары оқу орындарының, мектептердің ортақ парызы. Басқа сөзбен айтқанда, бұл – жалпыұлттық қозғалыс.

Бүгін елордамызды көркейтуге елеулі үлес қосқан білікті маманға «Құрмет» ордені беріледі.

Ал «Астана орманы» ұйымында табысты жұмыс істеп жүрген Аманжол Төкенұлы Үйсінбаев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталады», - деді Президент.

Мемлекет басшысы марапат алған азаматтарды құттықтады.

«Осы айтулы күнде біз Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданынан келген механизатор Сергей Николаевич Пустыльниковке лайықты құрмет көрсетеміз.

Ол отыз жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында жемісті жұмыс істеп, жиған тәжірибесін жас буынға үйретіп келеді. Адал еңбегі мен толайым табысы үшін Сергей Николаевич Пустыльников ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталады.

Біз ұлт саулығын нығайту және зияткер ұрпақ тәрбиелеу ісіне баса мән беріп отырмыз. Ұстаздар мен дәрігерлер қауымына жан-жақты қолдау көрсету және олардың еңбегіне зор құрметпен қарау – маңызды міндет.

Бүгін аға мейірбике Анар Рахманбекқызы Әбдіқұловаға және ұлағатты ұстаз Сәлима Ибраиымқызы Жұмамұратоваға «Шапағат» медалі табысталады.

Қоғамдық келісім – егемендігіміздің мызғымас кепілі. Бүгін ырысты ынтымағымызды нығайту жолында жемісті еңбек етіп жүрген бір топ азаматқа «Ел бірлігі» ордені табысталады.

Сонымен бірге бүгін мемлекетімізді көркейтуге белсене атсалысқан, адал еңбегімен көпке үлгі болған 2 мыңнан астам азамат марапатталады. Соның ішінде 270-ке жуық білім-ғылым, денсаулық сақтау саласының қызметкеріне, 473 жұмысшы мамандығы өкілдеріне және 129 еңбек ардагеріне, сондай-ақ, 200-ден астам шағын және орта бизнес өкіліне мемлекеттік награда тапсырылады.

Бәріңізге құтты болсын!», - деді Қазақстан Президенті.


Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміздің абыройын асырып жүрген еңбек адамдарына құрмет көрсету – мемлекеттік саясатымыздың өзегі.

«Мен Республика күні қарсаңында сіздерге және барша отандастарымызға шынайы ризашылығымды білдіремін.

Мемлекеттігіміздің мызғымас тұғыры мәңгі болсын!

Қастерлі Отанымыз – Қазақстан өсіп-өркендей берсін!», - деді ол.