Астанада қаламгерлер арасында дәстүрлі бильярд турнирі өтіп жатыр

Астанада қаламгерлер арасында дәстүрлі бильярд турнирі өтіп жатыр
Фото: Оңалхан Өнерхан

Бүгін Қазақстан халқы тілдері күніне орай елордада қаламгерлер арасында дәстүрлі «Сөз бен сана» бильярд турнирі өтіп жатыр. Жыл сайын ұйымдастырылатын тағылымды шараны Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы және «Elorda Aqparat» медиа холдингі бірлесіп өткізуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Турнирдің басты мақсаты – қаламгерлер арасындағы береке-бірлікті нығайтып, шығармашылық орта өкілдерінің өзара байланысын арттыру, сондай-ақ мемлекеттік тілді насихаттау.

Іс-шараның ашылу салтанатына Астана қаласы әкімінің орынбасары Талғат Рахманберді қатысып, барша қатысушыларды Қазақстан халқы тілдері күнімен құттықтады. Ол тілдің ел бірлігі мен қоғамдық келісімдегі маңызына тоқталып, турнирге қатысушыларға сәттілік тіледі.

Қалалық мәслихаттың төрағасы Табиғат Зейнұлқабден мемлекеттік тілдің ел бірлігі мен ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі маңызына тоқталып, шығармашылық орта өкілдерінің басын қосатын мұндай тағылымды шаралардың мәні зор екенін атап өтті.

Турниерде қазақ әдебиетінің классигі, көрнекті жазушы Төлен Әбдікке де ерекше құрмет көрсетілді. 4 қыркүйекте 84 жасқа толған қаламгерді мерейтойымен құттықтаған қала әкімнің орынбасары қазақы дәстүрмен иығына оқалы шапан жапты. Қаламгерге көрсетілген бұл құрмет оның ұлттық әдебиетке сіңірген өлшеусіз еңбегіне деген ел ықыласының көрінісі болды.

Бильярд додасына белгілі қаламгерлермен қатар мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты. Спорттық бәсеке барысында қатысушылар шеберліктерін сынап қана қоймай, шығармашылық ортадағы өзара сыйластық пен достық қарым-қатынасты нығайтты.

«Сөз бен сана» турнирінің атауының өзі шараның мазмұнын айқындап тұрғандай. Сөз өнерін серік еткен қаламгерлер бұл күні жасыл үстел басында бақ сынасып, мерекелік көңіл-күйді бөлісті. Ұлттық құндылықты дәріптейтін осындай мәдени-спорттық шаралар шығармашылық қауымның басын қосып, қоғамдық ортадағы бірлік пен ынтымақты нығайтуға ықпал етеді.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ