Астанада «Алаш қайраткерлері» ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

Астанада «Алаш қайраткерлері» ескерткішіне гүл шоқтары қойылды
Фото: Оңалхан Өнерхан

5 қыркүйекте елімізде Қазақстан халқы тілдері күні аталып өтеді. Бұл күн ұлт ұстазы, көрнекті ағартушы, қазақ тіл білімінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен сабақтас. Осыған орай бүгін Астана қалалық Тілдері дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен, елордадағы Қаламгерлер аллеясында жазушылар мен зиялы қауым өкілдері Алаш арыстарының ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, ұлт ұстазының рухына тағзым етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Қазақстан халқы тілдері күні 1998 жылдан бері аталып келеді. Ал 2017 жылы Үкімет қаулысымен мерекені атап өту күні 5 қыркүйекке өзгертіліп, Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орайластырылды. Бұл күн еліміздегі түрлі этностардың тілдері мен мәдениеттерінің бірлігін, сондай-ақ мемлекеттік тілдің мәртебесін дәріптеуге арналған.

Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылық мұрасы қазақ тілін зерттеумен ғана емес, оны ұлттың рухани тірегі ретінде орнықтырумен тығыз сабақтасып жатыр. Сондықтан Тіл мерекесінің дәл осы тұлғаның туған күнімен тұспа тұс тойланыуының символдық мәні зор. Бұл – мемлекеттік тілдің қоғамдағы орны мен ұлттық бірегейлік мәселесіне назар аудартатын маңызды белгі.

Мемлекет және қоғам қайраткері, тіл маманы, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Шерубай Құрманбайұлының айтуынша, қазақ тілі – халқымыздың ғана емес, тұтас мемлекетіміздің өміршеңдігін айқындайтын басты құндылықтардың бірі.

– Бүгін қазақтың бірегей тұлғасы, Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Қазаққа қалтқысыз еңбек еткен ұлттың осы ұлы тұлғасының құрметіне орай Қазақстан халқы тілдері күнін соңғы кездері Ахаңның туған күнімен орайластырып атап өтіп келеміз. Мемлекеттік тілдің мерейі үстем болса, еліміздің де мерейі үстем болады. Бүкіл қазақстандықтар мемлекеттік тілдің төңірегіне топтасса, алар қамалымыз, асар асуымыз бұдан да көп болмақ. Өйткені халқымыз «Тілі бірдің – тілегі бір» деп текке айтпаған. Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық этнос өкілдерін біріктіретін ұлы күштің бірі де – мемлекеттік тіл. Біз үшін тілден биік, тілден артық құндылық жоқ. Тіліміз өркендей берсін! Барша қазақстандықтарды Қазақстан халқы тілдері күнімен құттықтаймын, – деді Шерубай Құрманбайұлы.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ