Әділ Ахмет: Тілдер күні – ел бірлігін дәріптейтін маңызды мереке

Әділ Ахмет: Тілдер күні – ел бірлігін дәріптейтін маңызды мереке
Фото: Оңалхан Өнерхан

Қазақстан халқының Тілдер күні – мемлекеттік тілмен қатар еліміздегі барлық этностардың тілін құрметтеп, ел бірлігі мен татулықты дәріптейтін маңызды мереке. Бұл туралы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахмет айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Оның айтуынша, Қазақстанның көпэтносты, көптілді мемлекет болуы Тілдер күнінің маңызын арттыра түседі. Бұл мереке елдегі татулық пен бейбітшіліктің қадірін түсінуге де мүмкіндік береді.

«Тілдер мерекесі дегенде тек мемлекеттік қазақ тілін құрметтеп отырған жоқпыз, басқа тілдерге де мән беріп отырмыз. Тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз, Құдайға шүкір. Төңірегімізге қарасақ, әлемде түрлі қақтығыстар болып жатыр. Осындай жағдайда еліміздің бейбіт өмір сүріп жатқанына қуануымыз керек», – деді Әділ Ахмет.

Ғалым бейбіт өмірдің өзі үлкен құндылық екенін атап өтіп, қазақтың «Ел-жұрт аман ба?» деген амандық сұрасуын мысалға келтірді.

«Қазақта бір-бірімізбен кездескенде «Ел-жұрт аман ба?» деп сұрайтын керемет дәстүр бар. Бұл – елің аман ба, жерің аман ба, жұртың аман ба деген сөз. Сол аталы сөзге құлақ түрсек, еліміз де аман, жұртымыз да аман», – деді ол.

Бұған дейін жазушы, публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алдан Смайыл тілдер мерекесіне қатысты пікір білдірген болатын.