Алдан Смайыл: Қазақ тілін дамытуға қоғам болып атсалысуымыз керек

Алдан Смайыл: Қазақ тілін дамытуға қоғам болып атсалысуымыз керек
Фото: Сұлтан Сейіт

Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қолданысын кеңейту үшін мемлекетпен бірге қоғамның да жауапкершілігі артуы керек. Әсіресе, медицина, экономика, бизнес және өнеркәсіп сияқты салаларда қазақ тілінің күнделікті қолданысын күшейту маңызды. Бұл туралы жазушы, публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алдан Смайыл айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Қазақ тілінің мемлекеттік деңгейде тезірек орнықса екен деген тілегіміз бар. Өйткені экономика, медицина, өнеркәсіп, жеке кәсіпкерлік, бизнес сияқты дамып жатқан салалардың әрқайсысында қазақ тілі күнделікті қолданылуы керек. 

Мысалы, медицинада әлі де шешімін күткен мәселелер бар. Ауруханаға барғанда берілетін құжаттардың көбі орыс тілінде. Бұған терминдердің толық аударылмауы, қазақ тіліндегі дайын құжат үлгілерінің жеткіліксіздігі себеп болып жатады. Терминдерді аударып қана қоймай, оларды қазақ тілінде дұрыс қолданудың әдістемесін де қалыптастыру қажет», – деді Алдан Смайыл. 

Оның айтуынша, мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейтуге қоғамның өзі де белсенді атсалысуы керек.

«Қазақ тілін шын жанашырлықпен дамыту үшін осы мәселелердің барлығына назар аударған жөн. Мемлекет елдегі барлық азаматтардың қазақ тілін меңгеруіне жағдай жасап, ықпал етуі қажет. Бірақ бұл жерде мемлекетті ғана кінәлай беруге болмайды. Қазақ халқының өзі де, әрбір азамат та осыған ұмтылуы керек. Сонда ғана қазақ тілі толыққанды мемлекеттік тіл ретінде орнығады», – деді ол.