Астанада қазақ тілінде сөйлейтін орта қалыптасты: Сәкен Есіркеп тіл саясаты туралы
Астанада қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, оны күнделікті қарым-қатынас тіліне айналдыру және цифрлық кеңістіктегі мүмкіндігін арттыру бағытында қандай жұмыс істеліп жатыр? 5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күніне орай осы және өзге де сұрақтар бойынша Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп Elordainfo.kz тілшісіне сұхбат берді.
– Сәкен Зиябекұлы, Астанада қазақ тілінің қолданысы нақты қаншалықты артты? Мұны қандай көрсеткіштермен өлшейсіздер?
– Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын бірнеше параметр арқылы бағалауға болады. Соның бірі – мемлекеттік органдардағы іс қағаздарының жүргізілуі. Қазір мемлекеттік мекемелердегі құжат айналымы негізінен мемлекеттік тілде жүзеге асырылады. Тіпті орыс тілінде келген хаттарға да қазақ және орыс тілдерінде жауап беріледі. Бұл өз кезегінде қазақ тіліндегі құжат айналымының көлемін арттырады. Іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтетін маңызды фактор.
Өткен жылдың соңында Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетімен бірлесіп жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижесі де осы бағыттағы көрсеткіштерді айқындады. Зерттеу бойынша Астана қаласындағы ересек тұрғындардың 71,5 пайызы қазақ тілінде еркін сөйлеп, жаза алатынын айтқан. 10 пайызы қазақ тілінде сөйлесіп, түсіне алады. 11,4 пайызы тілде аздап қиналатынын, кей сөздерді түсінбегенімен, үйренуге тырысатынын жеткізген. Ал 1,4 пайызы қазақ тілін мүлде білмейтінін көрсеткен.
Яғни Астанада мемлекеттік тілде сөйлейтін орта қалыптасқан деуге негіз бар. Ендігі міндет – қазақ тілін білетін азаматтардың санын ғана арттыру емес, оны күнделікті тұрақты қарым-қатынас тіліне айналдыру.
Білім беру саласында да оң өзгерістер бар. Соңғы бес жылда мемлекеттік мектептерде қазақ тілінде білім алатын оқушылардың үлесі 14-15 пайыздық тармаққа өсті. Осыдан 5-6 жыл бұрын олардың үлесі шамамен 53-54 пайыз болса, қазір 70 пайызға жуықтады. Ал мемлекеттік балабақшаларда тәрбиеленіп жатқан балалардың 95 пайызы қазақ тілінде білім алатын топтарға қатысады. Бұл балалар алдағы уақытта мектепке барады. Сондықтан қазақ тілінде білім алатын оқушылардың үлесі де арта түседі деп күтеміз.
Мұның барлығы – мемлекеттік тілге көрсетіліп отырған жүйелі қолдаудың нәтижесі. Сонымен қатар бұл жұмыс тілдік толеранттылық қағидатын сақтай отырып жүргізіліп келеді.
– Қазақ тілін түсінетін, бірақ күнделікті өмірде сөйлемейтіндер көп. Бұған не себеп және бұл кедергіні қалай жоюға болады деп ойлайсыз?
– Бұл мәселені екі бағытта қарастыруға болады. Біріншіден, мемлекеттік органдар тарапынан жұмысты күшейтіп, мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдегі қажеттілігін көрсету керек. Қазақ тілін тұрғындар арасында батыл енгізу қажет, бірақ оны бірден радикалды түрде емес, жүйелі түрде жүзеге асырған дұрыс. Бұл мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты болуы тиіс.
Екіншіден, әр азаматтың өзіне байланысты жауапкершілігі бар. Адамның бойында ана тіліне деген жанашырлық, ұлттық рух болуы керек. Қазақ тілін білу аз, оны күнделікті өмірде қолдану қажет.
Бірнеше жыл бұрын Шешенстанда іссапармен болғанымда осыған ұқсас жағдайды көрдім. Шешен азаматтары шетелдік қонақтармен ағылшын немесе орыс тілінде сөйлесуі мүмкін. Бірақ өзара қарым-қатынас кезінде шешен тілінде сөйлеседі. Меніңше, қазақ азаматтарының арасында да осындай тілдік патриотизм болуы керек.
Қазақстан – толерантты мемлекет. Бір-бірімізді түсіну үшін көп жағдайда басқа тілге ауысып кетеміз. Дегенмен мемлекеттік тілдің әлеуетін арттыру үшін қазақ тіліне жанашыр болып, оны күнделікті өмірде қолданатын азаматтардың санын көбейтуіміз керек.
– Қазақ тілін үйрететін курстар аз емес. Бірақ олардың тиімділігін қалай бағалайсыздар? Тілді үйренгендердің оны тұрақты қолдануы үшін не қажет?
– Қазақ тілін үйрететін Астанада 40-қа жуық тәуелсіз курс бар. Мүмкін, бұдан да көп шығар. Одан бөлек, біздің «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі арқылы 3 мыңға жуық тұрғынға қазақ тілін тегін үйретеміз. Бұрын курстарға 1-1,5 мың адам келіп оқитын. Қазір мемлекеттік тілдің қоғамдағы орны айқындалып, оны үйренуге деген сұраныс та артып келеді. Бүгінде тегін курстарға қатысушылардың саны 3 мыңға жуықтады. Егер сұраныс бұдан әрі де өссе, келесі жылы оқыту санын тағы да ұлғайтамыз.
Офлайн курстармен қатар, онлайн оқыту форматын да дамытып жатырмыз. Біз үшін басты көрсеткіш – азаматтардың тілді үйренуге деген сұранысы және оны қаншалықты меңгергені. Әр курсты аяқтағаннан кейін тіл үйренушілердің білім деңгейін арнайы тест арқылы тексереміз. Нәтижесіне қарай келесі кезеңге өткіземіз. Яғни қазақ тілін үйренгісі келетін азаматтарға қажетті жағдай жасалған.
Бұдан бөлек, кәсіпкерлерге арналған қазақ тілі курстары да бар. Алдағы уақытта интернет-платформалар арқылы онлайн курстарды дамытып, YouTube және басқа да әлеуметтік желіге оқу материалдарын орналастыруды жоспарлап отырмыз. Негізгі мақсатымыз – қазақ тілін үйренуге ниетті азаматтарға барынша қолайлы әрі қолжетімді мүмкіндік жасау.
– Қызмет көрсету саласында қазақ тіліне қатысты мәселе әлі де жоқ емес сияқты. Бұл бағытта қандай нақты нәтиже бар және қандай мәселе шешілмей тұр?
– Қазір «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, тұрақты әрі қарқынды қазақ тілі курсын өткізіп келеміз. Оның ішінде ірі сауда орындарында жұмыс істейтін қызметкерлерге де арналған оқыту курстары бар.
Әр сала бойынша күнделікті өмірде қолданылатын негізгі диалогтарды қазақ және орыс тілдерінде дайындап, қызметкерлерге қазақ тілінде тұтынушыға қалай жауап беру керектігін үйретеміз. Бірнеше сала бойынша шағын қалта кітапшаларын да әзірледік. Олардың мыңдаған данасы, кей жағдайда 5-10 мың данасы кәсіпкерлерге таратылды.
Сонымен бірге тілдік қарым-қатынастың психологиялық тұрғыдан дұрыс болуы және заң талаптарын сақтау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.
Мысалы, тұтынушы «Сәлеметсіз бе? Мынадай зат бар ма?» деп қазақша сұраса, оған бірден дөрекі түрде орысша жауап берудің қажеті жоқ. «Сәлеметсіз бе?», «Қайырлы күн!», «Қош келдіңіз!» деген сияқты қарапайым сөздерді қолданудың өзі маңызды.
Әр қызмет саласына қарай 50-60, кейде 100-ге жуық негізгі сөздер мен сөз тіркестерін дайындап, оларды қызметкерлерге үйретіп жатырмыз. Сәлемдесу, қоштасу және тұтынушымен қарым-қатынас жасауға қажетті қарапайым тіркестер қамтылады.
Бұдан бөлек, көрнекі ақпараттар мен мәзірлердің мемлекеттік тілдегі нұсқасын қамтамасыз ету бағытында да жұмыс істейміз. Бұл ретте Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасымен, аудан әкімдіктерімен, басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс жүргізіледі. Көрнекі ақпараттың мемлекеттік тілдегі нұсқасы міндетті түрде болуы керек. Ал орыс және басқа тілдердегі қосымша нұсқасын беру кәсіпкерлердің өз еркінде.
Бұл жұмыстардың барлығы сырт көзге үнемі көріне бермеуі мүмкін. Өйткені әр өткізген кездесуді немесе жұмысты әлеуметтік желіге жариялай бермейміз. Бірақ бұл бағыттағы жұмыс тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
– Қазақ тілін тек ресми құжаттар мен білім беру саласында ғана емес, күнделікті қоғамдық ортада кеңінен қолдану үшін қандай тың тәсілдерге мән беріп отырсыздар?
– Бұл бағытта ономастикамен байланысты жұмыстарға да ерекше мән беріп отырмыз. Қазір қоғамдық көліктерде әр көшенің атауы мен оған есімі берілген тұлға туралы қазақ тілінде қысқаша аудиороликтер қойып жатырмыз. Ұзақтығы шамамен 25-30 секунд болатын бұл аудиолардан жолаушылар көшеге аты берілген тұлғаның кім екенін, қай жылдары өмір сүргенін және тарихта қандай еңбегімен қалғанын біле алады.
Мысалы, автобус Бөкейхан көшесіне келген кезде жолаушыларға Әлихан Бөкейхан туралы қысқаша ақпарат беріледі. Осы форматта 55 тұлғаға қатысты аудиожазба дайындадық. Оның бір бөлігі қазір қоғамдық көліктерде және көшелерде халыққа ұсынылып жатыр.
Бұдан бөлек, қоғамдық ортадағы мәдениет пен әдепті қалыптастыруға бағытталған жұмыстар да жүргізілуде. Үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, бір-біріне құрметпен қарау, айналаны таза ұстау, қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау, Астананы ортақ үйіміз ретінде қадірлеу сияқты құндылықтарды насихаттайтын арнайы сөздер әзірледік.
Бұл бағыттағы 15 мәтінді мұқият сұрыптап, қаламгерлермен және журналистермен ақылдаса отырып дайындадық. Қазір олардың аудионұсқалары әзірленіп жатыр. Алдағы бір айдың ішінде бұл аудиоларды қоғамдық көліктерде және ірі сауда орындарында кезек-кезек тарату жоспарланып отыр.
Ақпаратты тек көзбен оқып қана қоймай, құлақпен есту арқылы да адамның санасына жеткізуге болады. Сондықтан қоғамдық ортада қазақ тіліндегі мазмұнды әрі тәрбиелік мәні бар ақпараттарды көбейту маңызды деп ойлаймыз.
Сонымен қатар қоғамдық көліктердің ішіне мемлекеттік тілде жазылған қанатты сөздерді де орналастырып жатырмыз. Бүгінде автобустарға 1,5 мыңға жуық қанатты сөз ілінді. Мұның барлығы – қазақ тілін күнделікті өмірдің табиғи бір бөлігіне айналдыруға және қоғамдық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жұмыстар.
– Жасанды интеллект пен цифрлық ортада қазақ тілінің бәсекеге қабілеттілігі қандай? Бұл бағытта Астана қандай жұмыс атқарып жатыр?
– Қазіргі уақытта ғылым мен интернеттің дамуымен цифрлық мүмкіндіктер адам сенгісіз деңгейде кеңейіп келеді. Түрлі ақпараттық кеңістікте әртүрлі идеологиялық көзқарас пен тренд қалыптасып, олар жастарымыз бен азаматтарымыздың санасына әсер етуде. Бұл – жаһандық үрдіс. Сондықтан заман көшінен қалмай, цифрлық кеңістікте өз мүддемізді қорғайтын әрі мемлекеттік тілді дәріптейтін сапалы контентті көбейтуіміз қажет.
Бұл бағытта тек басқарма деңгейінде емес, министрлік деңгейінде де жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Телеарналар мен YouTube платформасында қазақ тіліндегі арналар ашылып, оларды сапалы контентпен толықтыруға мән берілуде. Сонымен қатар Wikipedia секілді цифрлық платформаларды қажетті қазақ тіліндегі материалдармен толықтыру бағытында да жұмыс істеліп жатыр. Ақпараттарды саралап, қай материалды қай платформаға орналастыру қажет екенін талқылай отырып, бұл бағыттағы жұмысты бастап кеттік.
Соңғы екі жылда «Яндекс», 2GIS сияқты платформалардың жауапты мамандарымен және басшыларымен бірнеше рет кездестік. Соның нәтижесінде карталардағы көшелер мен нысандардың атауларын мемлекеттік тілде көрсетуге басымдық бердік. Бұған дейін кейбір нысанның атаулары «шиномонтажка», «парикмахерская» сияқты орыс тіліндегі нұсқада қалып қоятын. Қазір олардың барлығын жүйелі түрде қазақ тіліне көшіріп жатырмыз. Әлі де жекелеген қалып қойған атаулар болуы мүмкін, бірақ олардың басым бөлігі мемлекеттік тілге ауыстырылды.
Бүгінде онлайн карталар мен навигациялық жүйелердегі дыбыстық хабарламалардың да қазақ тіліндегі нұсқалары қолжетімді. Мұның барлығы платформалар басшыларымен жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде іске асып жатыр. Яғни кез келген азамат картаның қазақ тіліндегі нұсқасын таңдап, ақпаратты да, дыбыстық навигацияны да қазақ тілінде пайдалана алады.
Сонымен қатар кейбір көшенің атауларын түпнұсқалық нұсқасында сақтау мәселесіне де мән береміз. Мысалы, картадағы орыс тіліндегі нұсқада да «Өндіріс» атауын өзгертпей сақтау сияқты тәжірибелер бар.
Такси қызметтері, онлайн тапсырыс беру және басқа да халықпен тікелей жұмыс істейтін цифрлық сервистермен де тығыз байланыстамыз. Олардың платформаларында қазақ тіліндегі нұсқаның болуына ықпал етіп келеміз. Бұл бағытта министрлік және басқарма деңгейінде бірнеше мәрте хат жазып, кездесулер өткізіп, цифрлық сервистерді мемлекеттік тілге кезең-кезеңімен көшіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Бұл іске азаматтардың өздері де үлес қоса алады. Әлеуметтік желіде және басқа да цифрлық платформада қазақ тілінде неғұрлым көп ақпарат жарияланса, цифрлық кеңістіктегі қазақ тіліндегі контент көлемі де соғұрлым артады. Жасанды интеллект белгілі бір ақпаратты ұсынған кезде сол тілде жинақталған мәліметтерді де пайдаланады. Сондықтан мемлекеттік тілдегі сапалы әрі мазмұнды ақпаратты көбейту – тілдің цифрлық кеңістіктегі орнын нығайтуға қосқан үлесіміз болар еді деп ойлаймын.
– Мемлекеттік тілді дамытуда талапты күшейту керек пе, әлде ынталандыруға көбірек мән берген дұрыс па?
– Меніңше, бұл жерде талап та, ынталандыру да қатар жүруі керек. Мемлекеттік органдар заңда белгіленген тіл нормаларының сақталуын талап етуі тиіс. Бұл бағытта тиісті мемлекеттік органдар тарапынан бақылау жұмыстары да жүргізіледі.
Бірақ мәселені тек қатаң немесе радикалды тәсілдермен шешуге болмайды. Себебі әр адамның тіл үйрену мүмкіндігі мен қабылдауы әртүрлі. Сондықтан ынталандырудың да маңызы зор.
Мемлекет мемлекеттік тілді білетін азаматтарға мүмкіндік беріп, түрлі қолдау тетіктерін қарастыруы керек. Соның ішінде гранттар сияқты ынталандыру шаралары да маңызды.
Қазір қоғамда қазақ тілінде білім беретін сыныптар мен орыс тіліндегі сыныптардың көрсеткіштеріне қатысты түрлі пікір айтылып жүр. Кей жағдайда грантқа түсу кезінде талаптар мен бағалау көрсеткіштерінің айырмашылығы байқалады. Қазақ тілінде білім алған талапкерлердің бәсекелестікте ұпайы жоғары болып, орыс тілінде оқығандардың ұпайы төмен болып қалатын жағдайлар кездеседі.
Сондықтан бәсекелестік жағдайында барлығына ортақ әрі әділ талаптардың болуы қазақ тілінде білім алуға деген қызығушылықты арттыруы мүмкін деп ойлаймын.
– Астана – көптілді қала. Көптілділік пен қазақ тілінің біріктіруші рөлін қалай үйлестіру керек?
– Бұл – ауқымды мәселе. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қазақ тілінің ел азаматтарын біріктіретін фактор ретіндегі маңызына бірнеше рет тоқталған болатын. Сондықтан Президент айқындаған мемлекеттік тіл саясаты аясында мемлекеттік органдар да, қазақ тіліне жанашыр азаматтар да оның қоғамды біріктіруші рөлін арттыруға күш салуы қажет деп ойлаймын.
– 5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні. Өзге этнос өкілдерінің ана тілдерін сақтап, дамытуына елордада қандай жағдай жасалған?
– Астанада этномәдени орталықтардың жұмыс істеуіне және өзге этнос өкілдерінің ана тілдерін үйреніп, дамытуына барлық жағдай жасалған. Қаладағы этномәдени бірлестіктердің басын біріктіретін негізгі орындардың бірі – Достық үйі. Онда өзге этнос өкілдерінің ана тілдерін үйренуіне, мәдениеті мен дәстүрін дамытуына қажетті мүмкіндіктер қарастырылған.
Бастысы – азаматтардың өз ана тілін үйренуге деген ниеті мен қызығушылығы болуы керек. Егер мұндай талап пен сұраныс болса, мемлекеттік органдар тарапынан ешқандай кедергі жоқ. Керісінше, олардың тілін, мәдениеті мен дәстүрін сақтауға бағытталған бастамаларына қолдау көрсетіліп келеді.
– Алдағы үш жылға қандай нақты мақсат қойып отырсыздар? 2029 жылға қарай Астананың тілдік ортасында қандай өзгеріс болуы керек?
– Жалпы, алдағы уақытта мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту жұмысы бұдан да қарқынды жалғаса береді деп ойлаймын. Бұған барлық қажетті алғышарт жасалған. Мемлекеттік тілді дамытуға қатысты Үкімет деңгейінде арнайы тұжырымдама бар. Онда әр жылға арналған нақты іс-шаралар, даму индикаторлары мен межелер белгіленген. Осы бағытта жұмыс жүргізетін жауапты мемлекеттік органдар да бекітілген.
Сондықтан алдағы үш жылда бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғаса береді. Әрине, тіл мәселесінде елдің тұрақтылығы мен қоғамдық келісімді де ескеру қажет. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту біртіндеп, жүйелі әрі қоғамның барлық тобының мүддесін ескере отырып жүргізілуі керек.
Қазақта «Тамшы тас теседі» деген жақсы сөз бар. Мемлекеттік тілдің дамуы да осындай жүйелі жұмысты, уақытты және тұрақтылықты қажет етеді. Бұған қоса, демографиялық үдеріс те мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге ықпалын тигізеді. Сондықтан бұл мәселеге үлкен оптимизммен қарап, жүйелі жұмысты жалғастыра беруіміз керек.
– Сұхбатыңызға рақмет!