Бопсалау, адам ұрлау: ҰҚК 24 қылмыстық топтың жолын кесті

Бопсалау, адам ұрлау: ҰҚК 24 қылмыстық топтың жолын кесті
Фото: ҰҚК

Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл бойынша кешенді шаралар жүргізіп жатыр. Жыл басынан бері еліміздің бірқатар өңірінде 24 қылмыстық топ мүшелерінің заңсыз әрекетінің жолы кесілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҰҚК мәліметінше, полиция органдарымен бірлесіп және прокуратураның үйлестіруімен жүргізілген шаралар барысында бопсалау, адам ұрлау, қаруды заңсыз сақтау және басқа да ауыр қылмыстар жасады деген күдікпен 169-дан астам адам ұсталған. Олардың арасында қылмыстық топтардың жетекшілері де бар.

Сонымен қатар шекара маңындағы аумақтарда, өнеркәсіп және қоршаған ортаны қорғау салаларында қылмыстық схемаларды ұйымдастыруға байланысты заңсыз кіріс көздері анықталып, жойылды.

Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.

Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті елімізде терроризмді насихаттаған 28 күдікті ұсталғанын хабарлаған болатын.