Астанада 19 жастағы жігіт өзгенің жүргізуші куәлігін көрсеткен

Астанада 19 жастағы жігіт өзгенің жүргізуші куәлігін көрсеткен
Фото: Астана қаласы Полиция департаменті

Елордада Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері түнгі уақытта Тұран көшесінде мопед жүргізушісін тоқтатты. Құжаттарды тексеру барысында 19 жастағы жүргізуші полиция қызметкерлеріне басқа азаматқа тиесілі жүргізуші куәлігін көрсетіп, оларды жаңылыстыруға тырысқан, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Тексеру нәтижесінде оның көлік басқару құқығы жоқ екені анықталды.

«Аталған дерек бойынша жүргізушіге Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 612-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды. Ал мопед арнайы коммуналдық тұраққа қойылды», делінген хабарламада.

Полиция жүргізушілерді заң талаптарын сақтауға, көлік басқаруға қажетті құжатты өзімен бірге алып жүруге және жол қозғалысы қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Еске сала кетсек, елімізде бір аптада 366 мыңнан астам жол қозғалысы ережесі бұзылған.