ҰҚК: Елімізде терроризмді насихаттаған 28 күдікті ұсталды
Маусым-тамыз айларында ҰҚК тергеген қылмыстық істер бойынша террористік және экстремистік қылмыстар жасағаны үшін 19 адам түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осы кезең аралығында Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Манғыстау және Түркістан облыстарында жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде 28 тұлға ұсталды.
«Олар терроризмді насихаттаған, діни араздықты қоздырған, интернетте және өзінің айналасында тыйым салынған материалдарды таратқан және экстремисттік ұйымына қатысқан деген күдікке ілінді. Қылмыстық кодекстің тиісті баптары бойынша сотқа дейінгі тергеулер жүргізіліп жатыр», делінген баспасөз хабарламасында.

Солардың бірі - Алматы қаласының тумасы 2017 жылдан бастап халықаралық террористік ұйымдарынының іс-әрекетіне қатысқаны үшін іздеуде жүрген. Күдікті Түркияда табылды. Ол жақтан 2025 жылы елге депортацияланып, қылмыстық іс аясында қамауға алынған. Сот шешімімен 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сондай-ақ, Шымкент қаласының тұрғыны қоғамдық желіде терроризм идеологиясын насихаттап, таныстарын зорлық-зомбылық акцияларға шақырған. Ол 9 жылға сотталды.

Еске сала кетсек, Ұлттық қауіпсіздік комитеті іздеуде жүрген 4 қазақстандықты шетелден елге қайтарды.