Елімізде «Нелегал» іс-шарасы барысында көші-қон заңнамасын бұзудың 15,8 мыңнан астам дерегі анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстанда болу қағидаларын бұзғаны үшін 7 595 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Еңбек қызметін заңсыз жүзеге асырғаны үшін тағы 3 899 шетел азаматына қатысты шаралар қабылданды. Тиісті рұқсаттарсыз шетелдік жұмыс күшін тартқаны үшін 815 жұмыс берушіге қатысты шаралар қолданылды. Сондай-ақ, шетел азаматтарының өздерінде болуы туралы ішкі істер органдарына уақтылы хабарламаған 3 533 жеке және заңды тұлға жауапкершілікке тартылды.
Соттар көші-қон заңнамасын бұзған адамдарды Қазақстан аумағынан шығару туралы 2 243 шешім шығарды. Бұдан бөлек, елде одан әрі болуына жол берілмейді деп танылған 2 479 шетел азаматының елде болу мерзімі қысқартылды.
Мәжбүрлеп елден шығару шарасы 236 шетел азаматына қатысты орындалды. Олардың барлығына Қазақстанға бес жыл мерзімге кіруге тыйым салынды.
Тексеру барысында мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен 14 шетел азаматы да анықталды. Аталған фактілер бойынша шекара қызметімен бірлесіп тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар іздеуде жүрген және өз мемлекеттерінің құқық қорғау органдарынан Қазақстан аумағында жасырынып жүрген 62 шетел азаматы ұсталды.
Анықталған құқық бұзушылықтарды талдау заңсыз көші-қонның негізгі себептерінің бірі жекелеген азаматтардың заңда белгіленген талаптарды айналып өтіп, тез пайда табуға ұмтылуы екенін көрсетеді.
Бірқатар жағдайда шетелдіктердің елге заңсыз кіруіне Қазақстан азаматтарының өздері ықпал етіп, олардың елде болуын ұйымдастырады, тұрғын үймен қамтамасыз етеді және қажетті рұқсат құжаттарынсыз еңбек қызметіне тартады.
Бұдан бөлек, бір жыл ішінде шетелдік жұмыс күшін тартудың белгіленген тәртібін екі немесе одан да көп рет бұзған 10 жұмыс берушіге қатысты тергеп-тексеру басталды. Қайталанған құқық бұзушылықтар үшін оларға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделген.
Сондай-ақ қоғамдық тәртіпті жүйелі түрде бұзатын және елде белгіленген мінез-құлық нормаларын құрметтемейтін шетел азаматтарына ерекше назар аударылды.