Энрике Иглесиастың концертінен кейін LRT-да қауіпсіздік қалай қамтамасыз етілді

Энрике Иглесиастың концертінен кейін LRT-да қауіпсіздік қалай қамтамасыз етілді
Фото: ІІМ

Астанада Энрике Иглесиастың концерті аяқталғаннан кейін көрермендер түнгі уақытта LRT станциясына жаппай жиналды. Осыған байланысты көлік полицейлері қоғамдық тәртіп пен жолаушылар қауіпсіздігін күшейтілген режимде қамтамасыз етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көрерменнің басым бөлігі «Астана Арена» LRT станциясына барған. Станция кіреберісінде адам көп шоғырланғандықтан, қосымша полиция жасақтары қойылып, жолаушылар ағыны реттелді.

Тәртіп сақшылары адамдардың қысылып-қымтырылуының және өзге де төтенше жағдайлардың алдын алу үшін арнайы жедел әрекет ету жасағымен бірлесіп жұмыс істеді. Сонымен қатар шетелдік қонақтарға бағыт-бағдар көрсетіліп, адасып қалған балалар ата-аналарына табысталды, жоғалған заттар иелеріне қайтарылды.

Астана-1 станциясындағы көлік полициясы басқармасының «Tarlan Astana» нысандарындағы полиция бөлімінің бастығы Сағындық Маймишевтың айтуынша, көлік полициясы жолаушылар ағынын оңтайландырып, жедел жағдайды тұрақты жіті бақылауда ұстады.

«Қабылданған ұйымдастырушылық және профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде жеңіл рельсті көлігі нысандарында құқық бұзушылықтарға жол берілген жоқ.

Азаматтармен өзара іс-қимыл барысында қызметтік тәртіп талаптары мен «Заң мен тәртіп» қағидаты сақталып, дұрыс әрі сыпайы қарым-қатынас қамтамасыз етілді», – делінген хабарламада.

Бұған дейін елордада Энрике Иглесиастың концертінің соңы экологиялық акцияға ұласқаны хабарланды.