Елордада Enrique Iglesias концертінің соңы экологиялық акцияға ұласты

Елордада Enrique Iglesias концертінің соңы экологиялық акцияға ұласты
Фото: Астана әкімдігі

Елордадағы «Астана Арена» стадионында Enrique Iglesias-тің концерті өтті. Әртістер өнер көрсетіп болған соң жас көрермендер стадион аумағында қалып, іс-шарадан кейін тазалық жұмыстарына көмектесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жастар концерттен кейін қалған қоқысты жинап, ірі мәдени іс-шаралар кезінде қаланың тазалығын сақтауға әр адамның үлес қоса алатынын көрсетті.

«Концерт бізге ерекше әсер сыйлады. Іс-шара аяқталған соң тазалық жұмыстарына қосылып, стадион аумағын ретке келтіруге көмектесуді жөн көрдік. Бұл көп уақытты қажет етпейді. Осылайша, әрқайсымыз қалаға, қоршаған ортаға және осында еңбек етіп жүрген адамдарға деген құрметімізді көрсете аламыз», – деді көрерменнің бірі.

Естеріңізе салсақ, бұған дейін елордалық балабақшада «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Жасыл балабақша – жарқын болашақ!» атты мерекелік экологиялық эстафета өткенін жазған едік.