Астана әуежайының қаржылық жағдайын жақсарту үшін қандай шаралар жүзеге асырылып жатыр

Астана әуежайының қаржылық жағдайын жақсарту үшін қандай шаралар жүзеге асырылып жатыр
Фото: Назарбаев халықаралық әуежайы

2025 жылдың қорытындысы бойынша «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ қаржы жылын 6,9 млрд теңге шығынмен аяқтады. Жалпы жиынтық кіріс 4 млрд теңге болды, ал өткен жылдардан жинақталған компанияның жабылмаған шығыны 2025 жылдың соңында 36 млрд теңгеге жетті, деп хабарлайды Elordainfo.kz әуежайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Компанияның мәлімдеуінше, қаржылық жағдайды жақсарту үшін әуежайда дағдарысқа қарсы бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Онда көрсетілетін қызметтердің нақты өзіндік құнын ескере отырып, қолданыстағы тарифтердің экономикалық негізділігі мен шығынсыздығын бағалауды, операциялық қызметтің тиімділігін арттыруды және кәсіпорынның ішкі резервін пайдалануды көздейді. Авиациялық керосинді сату моделінің өзгеруіне байланысты негізгі басымдық операциялық қызмет есебінен қаржылық нәтижені жақсартуға бағытталған.

2025 жылы шығын көлемі қомақты болғанына қарамастан, биыл әуежай бірқатар негізгі өндірістік және коммерциялық көрсеткіш бойынша оң динамика көрсетіп отыр. Сонымен қатар, бірінші жартыжылдықта әуежай қызметіне бірқатар сыртқы және өндірістік фактор кері әсер етті. Олардың қатарында күндізгі уақытта ұшу-қону жолағының жұмысын шектей отырып жөндеу жұмысын жүргізу, авиакеросин бағасының өсуі, сондай-ақ Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты халықаралық рейстердің бір бөлігінің тоқтатылуы бар. Соның салдарынан шамамен 1,1 мың рейс орындалмады.

Әуежайдың мәліметінше, 2026 жылғы қаңтар–шілде аралығында Астана халықаралық әуежайы 5,4 млн жолаушыға қызмет көрсеткен. Былтырғы сәйкес кезеңдегі бұл көрсеткіш 5,3 млн жолаушы болған. Осылайша, жолаушылар ағыны 1,3%-ға артты.

«Рейстер саны бойынша да оң динамика байқалады. Биыл жеті айында 25 мыңнан астам ішкі рейс орындалды, ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 24 мыңнан асты. Өсім шамамен 2%. Халықаралық рейстер саны 12 мыңнан 12,4 мыңға дейін немесе 3%-ға өсті. Ең елеулі нәтиженің бірі - жүк пен поштаны өңдеу көлемінің артуы. 2026 жылғы қаңтар–шілде аралығында әуежай 8,9 мың тонна жүк пен поштаны өңдеді. 2025 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 7,4 мың тонна болды. Өсім 20%-дан асты.

Авиациядан тыс қызмет бағыттарында да тұрақты өсім байқалады. 2026 жылғы қаңтар–маусым қорытындысы бойынша авиациядан тыс қызметтерден түскен кіріс 7,2 млрд теңгені құрады. Салыстыру үшін, 2025 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 5,8 млрд теңге болған. Осылайша, өсім 24%-ды құрады», делінген хабарламада.

Компанияның мәлімдеуінше, осыған байланысты биылғы жылдың соңына дейін әуежайдың акционері – Астана қаласының әкімдігі - Астана халықаралық әуежайының басшылығымен бірлесіп, қабылданған дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында қаржылық және операциялық көрсеткіштерді жақсарту жөніндегі жұмысты жалғастырады. Негізгі басымдық қызмет тиімділігін арттыруға және коммерциялық бағыты дамытуға беріледі.

Сонымен қатар, әуежайдың маршруттық желісін одан әрі дамыту және кеңейту мақсатында авиакомпаниялармен ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударылады.

«Маржиналдылықты арттыру, көрсетілетін қызметтің табыстылығын жоғарылату, тарифтік саясатты жетілдіру, технологияларды оңтайландыру және қолда бар ресурсты ұтымды пайдалану есебінен өзіндік құнды төмендету бойынша шаралар қабылданады. Өндірістік, экономикалық және басқарушылық процестерді оңтайландыру, сондай-ақ оларды жетілдіруге бағытталған практикалық шешімдерді әзірлеу жұмыстары басталды», делінген хабарламада.

Компания аталған шараларды іске асыру әуежайдың қаржы-шаруашылық қызметін шығынсыз деңгейіне шығаруға және кәсіпорынның одан әрі тұрақты дамуына берік негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді деп сендірді.

Еске сала кетсек, таяуда Астана әуежайында тегін ауыз су станциялары орнатылды.