Астана әуежайында тегін ауыз су станциялары орнатылды

Астана әуежайында тегін ауыз су станциялары орнатылды
Фото: Астана әуежайы

Астана халықаралық әуежайында жолаушылар мен келушілер тегін пайдаланатын заманауи стационарлық ауыз су станцияларын орнату басталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz әуежайының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Станциялар көпсатылы сүзгі жүйесімен жабдықталған. Жолаушылар әуежай терминалының ішінде бөтелкесіне немесе басқа да қолайлы ыдысқа ауыз суды тегін құйып алады.

Жаңа сервис әсіресе әуежайда ұшуды, қонуды немесе келесі рейске ауысуды ұзақ уақыт күтетін жолаушылар үшін ыңғайлы. Енді олар өзімен бірге бос бөтелке алып келіп, оны терминал ішінде ауыз сумен толтыра алады.

Ауыз су станцияларын орнату жолаушылардың жайлылығын арттыруға, қолжетімді ауыз су инфрақұрылымын дамытуға және әуежайда болу үшін барынша қолайлы жағдай жасауға бағытталған. 

Еске сала кетсек, Астана халықаралық әуежайында шілде айында рекорд тіркелді, жолаушылар ағыны бір айда 1 миллион адамға жетті.