Референдум-2026

Астана әуежайының рекорды: Шілдеде жолаушылар ағыны 1 миллионнан асты

Астана әуежайының рекорды: Шілдеде жолаушылар ағыны 1 миллионнан асты
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астана халықаралық әуежайы жаңа тарихи рекорд орнатты. 2026 жылғы шілде айының қорытындысы бойынша жолаушылар ағыны алғаш рет бір айда 1 миллион адамнан асты. Бұл — елорда әуежайының бүкіл тарихындағы бір айда тіркелген ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды Elordainfo.kz әуежайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
«Мұндай тарихи көрсеткішке әуежайдың маршруттық желісін жүйелі түрде дамыту, жаңа халықаралық бағыттарды ашу және қолданыстағы бағыттар бойынша ұшу жиілігін арттыру нәтижесінде қол жеткізілді. 2026 жылы Астана халықаралық әуежайының маршруттық желісі жаңа халықаралық бағыттармен толықты. Ларнака (Кипр), Ұланбатыр (Моңғолия), Гуанчжоу (Қытай), Ереван (Армения) және Даламан (Түркия) қалаларына рейстердің ашылуы нәтижесінде халықаралық бағыттар саны 42-ден 47-ге дейін артты. Сонымен қатар жолаушыларға Қазақстан бойынша 18 ішкі бағыт қолжетімді», делінген хабарламада.

Астана халықаралық әуежайы халықаралық маршруттық желіні одан әрі дамыту және елорданың өңірдегі негізгі авиациялық хабтардың бірі ретіндегі орнын нығайту бағытындағы жұмысын жалғастыруда. Жаңа әуе компанияларын тартуға, ұшу географиясын кеңейтуге және сұраныс жоғары бағыттар бойынша рейстер жиілігін арттыруға ерекше көңіл бөлініп отыр.

 Elordainfo.kz тілшісінің елорда әуежайының тарихы, бүгінгі тыныс-тіршілігі және алдағы даму бағытына жасалған шолуын оқи отырыңыздар.