Бүгін Астана қаласы әкімдігінің «№10 балалар мен жасөспірімдердің шайбалы хоккейден мамандандырылған спорт мектебі» КММ ұжымы мекеме басшысы Диас Маржықпаевтың бастауымен мәслихат депутаттарының сайлауына қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.
Дауыс бергендердің қатарында шайбалы хоккейден жаттықтырушылар Дмитрий Зыкин, Владимир Захаров, Андрей Залипятских, сондай-ақ спорт мектебінің қызметкерлері мен тәрбиеленушілері бар.
Бүгінгі сайлау 18 жасқа толған жас хоккейшілер Альтаир Джаукпаров пен Богдан Дровосеков үшін ерекше маңызға ие болды. Олар алғаш рет конституциялық құқықтарын пайдаланып, сайлауда дауыс берді.
«Бүгін мен үшін ерекше күн. 18 жасқа толып, алғаш рет сайлауға қатысып отырмын. Бұл – өмірімнің жаңа кезеңі. Енді спортта ғана емес, қоғамдық өмірде де өз бетімше шешім қабылдай аламын. Қаламыздың болашағы мен үшін маңызды. Елордамызда спорт одан әрі дамып, жас спортшылардың жаттығуына және жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне мол мүмкіндік жасалса екен деймін», – деді Альтаир Джаукпаров.
Спорт мектебінің басшылығы, жаттықтырушылары, қызметкерлері мен тәрбиеленушілері сайлауға қатысып, өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдірді.
Еске сала кетейік, бұған дейін елордалық параспортшылар мен жаттықтырушылар сайлауда дауыс берді.




