Header Banner

Елордалық параспортшылар мен жаттықтырушылар сайлауда дауыс берді

Бүгін, 15:31
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Елордалық параспортшылар мен жаттықтырушылар сайлауда дауыс берді
Фото: Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы

Бүгін Астана қаласының пара және сурдоспорт өкілдері мәслихат депутаттарының сайлауына қатысып, өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.

Олардың қатарында сурдодзюдодан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушылары Болат Данияров пен Дәурен Оразұлы, пара оқ атудан жаттықтырушы Михаил Бурчалин, сондай-ақ пара би, сурдофутбол және сурдотаеквондодан жаттықтырушылар бар.

Пара оқ атудан әлем кубогының күміс жүлдегері, Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы әрі жүлдегері, елордалық спортшы Ардақ Оторбаев та сайлау учаскесіне барып, өз дауысын берді. Спортшы әлеуметтік желідегі жеке парақшасында дауыс беру сәтінен фотосуреттер жариялап, сайлау туралы пікірімен бөлісті.

«Болашағымыз жақсы болады деген сеніммен таңдауымды жасап, өз дауысымды бердім. Қалаларымызда мүгедектігі бар адамдардың дауыс беруіне қолайлы жағдайлар жылдан жылға жасалып келеді», – деп жазды Ардақ Оторбаев.

Сондай-ақ парадзюдодан Қазақстан Республикасы ұлттық құрамасының мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, елордалық спортшы Аслан Нұрдәулетов әлеуметтік желідегі жеке парақшасында бейнежазба жариялап, сайлауға қатысқанын жеткізді.

«Мен бүгін мәслихат депутаттарын сайлауда өз дауысымды беруге келдім», – деді Аслан Нұрдәулетов бейнежазбасында.

Ел намысын халықаралық спорт додаларында қорғап жүрген елордалық параспортшылар мен жаттықтырушылар бүгін ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси шараға қатысып, өздерінің конституциялық құқықтарын пайдаланды.

Еске сала кетейік, бұған дейін астаналық жаттықтырушылар мәслихат сайлауында дауыс берді.