Астанада қар тазалау жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген ауысымдық режимде жұмыс істеуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Өткен түнде қаладан қар полигондарына жүк көліктерінің 992 рейсі арқылы 16 мың текше метрден астам қар шығарылды.
29 қараша күні таңертең көшелерді қар мен көктайғақтан тазарту жұмыстарына 3 мыңнан астам жол жұмысшысы және 1000-нан аса арнайы техника жұмылдырылды.
Алдымен негізгі көше магистральдары мен қоғамдық көлік бағыттары тазаланады. Одан кейін көлік қозғалысы орташа деңгейдегі аумақтарда, атап айтқанда аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда тазалық жұмыстары жүргізіледі.
Қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жолдарға, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себілуде.
Қысқы кезең басталғалы бері елордадан екі мыңнан астам жүк көлігіне тиелген қар шығарылды.
Астана әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын жолдар мен тротуарларда мұқият болуға, қауіпсіздік шараларын сақтауға және сапарларын жоспарлау кезінде ауа райы жағдайын ескеруге шақырады.
Еске сала кетейік, бүгін Астанада қоғамдық көлікпен қатынау тегін.