Таңертеңнен бастап елорда тұрғындары сайлау учаскелеріне келіп, дауыс беруде. Алғашқылардың қатарында 2026 жылы өткен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпазы атанған отбасы мүшелері де бар, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Олар №379 сайлау учаскесінде өз таңдауларын жасады.
Байқау жеңімпазы Гүлбану Дүйсебекованың айтуынша, олардың отбасында ұлттық дәстүрлерді сақтау, өзара құрмет пен балаларды жеке үлгі арқылы тәрбиелеуге ерекше мән беріледі.
«Біздің бала тәрбиесіндегі басты ұстанымымыз – еңбекқорлықтың, өзара құрмет пен жауапкершіліктің үлгісін балаларға өзіміз көрсету. Қазіргі өмірдің қарқынына қарамастан, ұлттық дәстүрлерімізді сақтауға, үлкендерді құрметтеуге және отбасымызбен жиі бас қосуға тырысамыз», – деді Гүлбану Дүйсебекова.
Еске сала кетейік, бүгін Астанада 446 сайлау учаскесі жұмысын бастады. Өз сайлау учаскеңіздің мекенжайын sailau.astana.kz сайтынан, «Сайлау Астана» Telegram-боты арқылы немесе iKomek бірыңғай байланыс орталығының 109 нөміріне хабарласып білуге болады. Сондай-ақ бүгін Астанада қоғамдық көлікпен қатынау тегін.


