Елорда тұрғындары қалалық мәслихат депутаттарын сайлау күні дауыс бере бастады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері сайлаушылардың құжаттарын тексеріп, оларға бюллетеньдер беруде. Азаматтар бюллетеньдерді дауыс беруге арналған кабиналарда толтырады.
«Астанада 446 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Барлық учаскеде сайлаушыларға, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға да қолайлы жағдай жасалған. Денсаулығына байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын азаматтар өздерінің тұрғылықты жері бойынша дауыс бере алады», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, өз мекенжайыңыздың қай сайлау учаскесіне тиесілі екенін sailau.astana.kz сайтынан, «Сайлау Астана» Telegram-боты арқылы немесе iKomek бірыңғай байланыс орталығының 109 нөміріне хабарласып білуге болады.
Сондай-ақ бүгін сағат 23:00-ге дейін елорда тұрғындары мен қонақтары Tarlan Astana жеңіл рельсті көлігімен (LRT), сондай-ақ қалалық, экспресс және қала маңы автобустарымен тегін қатынай алады.
Еске салсақ, елордада 446 сайлау учаскесі өз жұмысын бастады.




