Астананың әлеуметтік салаға жұмсайтын шығыстары төрт жылда 2 есе өсті

Астананың әлеуметтік салаға жұмсайтын шығыстары төрт жылда 2 есе өсті
Фото Оңалхан Өнерхан

2022-2025 жылдары Астананың әлеуметтік саласына қала бюджеті шығыстарының орта есеппен 35,8%-ы жұмсалды. Төрт жылда бұл салаға бөлінген қаржы 2 есе өсті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Экономикалық зерттеулер институтына сілтеме жасап.

Қаражаттың басым бөлігі, яғни 72,9%-ы білім беру саласына тиесілі. Бұл бағытты қаржыландыру 2,1 есе өсіп, 388,9 млрд теңгеге жетті. Төрт жылда 38 мектеп пайдалануға беріліп, 30 нысан жөнделіп, жаңғыртылды, 212 пән кабинеті жабдықталды.

Мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістікке жұмсалған қаржы 65,9% өсіп, 61,4 млрд теңгеге, әлеуметтік көмекке бөлінген қаражат 2,2 есе өсіп, 58,5 млрд теңгеге, ал денсаулық сақтауға жұмсалған қаржы 31,1%-ға артып, 31,8 млрд теңгеге жетті. Осы кезеңде 13 мәдениет және 11 денсаулық сақтау нысаны жөнделіп, 2 спорт кешені ашылды, сондай-ақ «Астана Арена» стадионы мен «Алау» мұз сарайы қайта жаңғыртылды.

Инфографика: Экономикалық зерттеулер институты

Еске сала кетсек, Астанада жаңа оқу жылында 9 білім беру нысаны ашылды.