Астанада Тілдер күніне арналған тағылымды іс-шара өтті
Астанада «Ұлағат» әдеби бірлестігінің ұйымдастыруымен Қазақстан халқының тілдері күніне орай «Тіл – достықтың дәнекері» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Тіл мерекесін ұйымдастыруға әдеби бірлестік жетекшісі Рауза Исмурзина мұрындық болды.
Іс-шара Қазақстан халқының тілдеріне құрмет көрсету, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, ана тілін қадірлеуге тәрбиелеу, тіл арқылы халықтар арасындағы достық пен бірлікті нығайту және аға буын мен жастар арасындағы рухани сабақтастықты қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстел барысында тіл жанашырлары тілдің адам өміріндегі және қоғамдағы рөлі, ана тілін құрметтеу, мемлекеттік тілдің маңызы, көптілділіктің артықшылықтары мен жастардың қазақ тілін меңгеруіне қажетті қолдау туралы ой-пікірлерімен бөлісті.

Кеште поляк, украин, татар, орыс, корей, қырғыз және грек халықтарының әндері орындалып, көрермен көңілінен шықты.
«Осындай тағылымды кездесулер еліміздегі татулық пен бірлікті нығайтып, тілге деген құрметті арттыра түсері сөзсіз. Тілдер мерекесіне зейнеткерлеріміз ден қойып дайындалып, әдебиет пен өнердің ұштасқан тамаша кешін тарту етті» - деп пікір білдірді Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының мәдени ұйымдастырушысы Фариза Қасенова.
Еске сала кетейік, Астанада кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдаудың тиімді тетіктері түсіндірілді.