Астанада кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдаудың тиімді тетіктері түсіндірілді
Астанада «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Ашық есік күні өтті. Оған 180-нен астам елордалық кәсіпкер қатысып, бизнесті мемлекеттік қолдау құралдары бойынша кеңес алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға Қор басшылығы мен мамандары, Астана қаласы әкімдігінің Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының, Мемлекеттік кірістер департаментінің, банктер мен консалтингтік компаниялардың өкілдері қатысты.

Кездесуде кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау алудың өтінім беруден бастап кейінгі мониторингке дейінгі тәртібі түсіндірілді. Қатысушыларға қолданыстағы қаржылық және қаржылық емес қолдау шаралары таныстырылып, бағдарламалар талаптарын сақтау мәселесі айтылды.
«Даму» қорының Басқарма төрағасы Фархат Сарсекееевтің айтуынша, Ашық есік күндері кәсіпкерлермен тікелей байланыс орнатып, олардың сұраныстары мен мәселелерін анықтауға мүмкіндік береді.
«Біз үшін бұл ең алдымен кәсіпкерлерден тікелей кері байланыс алып, барынша ашық болуға, олардың сұраныстарын тыңдауға мүмкіндік. Сондықтан «Даму» қорының басшылығы мұндай іс-шараларға тікелей қатысып, кәсіпкерлерге жеке кеңес береді», – деді ол.
Ашық есік күні аясында салық салу мәселелері бойынша да жеке консультация алаңы жұмыс істеді. Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары заңды тұлғалардың қызметі, Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші, заңды мекенжайды өзгерту және жекелеген мемлекеттік қолдау бағдарламаларының талаптары бойынша түсініктеме берді.

Кәсіпкерлерге Қордың бірыңғай және мобильді фронт-офистерінің жұмысы да таныстырылды. Бұл қызметтер арқылы шалғай елдімекендердегі кәсіпкерлер де мамандардан тегін кеңес ала алады.
Іс-шараға қатысқан «SYMBAT» стоматологиялық клиникалар желісінің директоры Ержан Жанатаров 2015 жылы «Даму» қорының қолдауымен несие алғанын айтты. Оның сөзінше, мемлекеттік қолдау клиника ашып, бизнесті дамытуға мүмкіндік берген.
Қазіргі таңда компания Астана мен Ақтөбедегі клиникалар мен диагностикалық орталықтарды біріктіріп отыр. Кәсіпорында 40 жұмыс орны құрылған.
Қор өкілдері кәсіпкерлерді алаяқтардан сақ болуға және тексерілмеген делдалдар мен консультанттардың қызметіне жүгінбеуге шақырды. Мамандардың айтуынша, жобаны қаржыландыруға дайындау кезінде кәсіби әрі тексерілген консалтингтік компанияларға жүгінген маңызды.
«Даму» қорының Ашық есік күндері еліміздің барлық өңірінде өтеді. Сонымен қатар мобильді фронт-офистер шалғай елдімекендердегі кәсіпкерлерге қызмет көрсетеді.
Кеңес алу үшін 1408 Бірыңғай байланыс орталығына жүгінуге болады. Алдағы іс-шаралар мен мобильді фронт-офистердің жұмыс кестесі Қордың ресми ақпараттық ресурстарында жарияланады.
Бұған дейін елімізде 745,6 мың тонна өнім сақтайтын 95 көкөніс қоймасы іске қосылғанын жаздық.