Қызылшадан қалай қорғануға болады: мамандар маңызды кеңес берді
Қызылша – ауа тамшылары арқылы жұғатын аса жұқпалы вирустық ауру. Ол бірқатар ауыр асқынуға әкелуі мүмкін. Сондықтан аурудың алдын алу және алғашқы белгілерін дер кезінде анықтау маңызды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне сілтеме жасап.
Мамандардың айтуынша, қызылшаның негізгі белгілеріне дене қызуының көтерілуі, жөтел, мұрынның бітелуі, көздің қызаруы және кейіннен теріде бөртпенің пайда болуы жатады. Алғашқы белгілер ауру жұққаннан кейін 7-14 күн ішінде байқалуы мүмкін.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, қызылшадан қорғанудың негізгі әрі тиімді тәсілі – вакцинация. Екі дозадан тұратын екпе аурудан сенімді қорғаныс қалыптастырады. Бірінші доза 12-15 айда, екінші доза 6 жаста, яғни мектепке дейінгі кезеңде салынады.
Қызылша пневмония, отит, энцефалит және көру қабілетінің бұзылуы сияқты асқынуларға себеп болуы мүмкін. Ауру, әсіресе, кішкентай балаларға, жүкті әйелдерге және иммунитеті төмен адамдарға қауіпті.
«Қызылша жөтелу, түшкіру және сөйлесу кезінде бөлінетін ауа тамшылары арқылы жұғады. Сондықтан ауру белгілері байқалған жағдайда үйде қалып, дәрігерді шақыру, медициналық бетперде тағу және басқа адамдармен байланысты шектеу қажет», – делінген хабарламада.
Мамандар қызылшаның алғашқы белгілері пайда болған жағдайда ауру туралы дәрігерге хабарлап, медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді.
«Екпе – қызылшадан қорғанудың, өзіңізді ғана емес, балалар мен жалпы қоғамды қорғаудың ең тиімді тәсілдерінің бірі», – деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінен.
Бұған дейін Қазақстанда фармацевтика өндірісі үш жылда 37 пайызға өскені жайлы хабарланды.