Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың білім беру инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Республика күніне орай елімізде 10 жаңа білім беру нысаны ашылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңа мектептер, балабақшалар, оқушылар сарайлары мен инновациялық оқу орталығы еліміздің төрт облысында, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында пайдалануға берілді.
Астанада 1 500 орынға арналған екі жаңа оқушылар сарайы ашылды. Алматыда 880 орындық үш балабақша пайдалануға берілді. Жаңа нысандар мектепке дейінгі және қосымша білім беру мүмкіндіктерін кеңейтіп, балалардың жан-жақты дамуына заманауи жағдай жасайды.
Шығыс Қазақстан облысының Қыстау-Күршім ауылында 50 орындық мектеп ашылды. Жетісу облысында Талдықорған қаласында 300 орындық мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатының жаңа ғимараты және Көксай ауылында 60 орындық мектеп пайдалануға берілді. Ұлытау облысының Қаражал қаласында 80 орындық №5 мектептің жаңа ғимараты ашылды.
Ақтөбеде 300 орындық Aqtobe IT Hub инновациялық оқу орталығы ашылды. Мұнда жасанды интеллект, робототехника, 3D-модельдеу, бағдарламалау және цифрлық медиа бағыттары бойынша білім алуға жағдай жасалған.
2019 жылдан бері Қазақстанда 1,1 млн оқушы орнына арналған 1 342 мектеп салынды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес білім беру инфрақұрылымын дамыту, оқушы орындарының тапшылығын азайту, үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін шешу, сондай-ақ балаларға қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасау бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда.
Еске салайық, бұған дейін Астанада қандай медициналық мекемелер ашылатыны туралы жаздық.