Республика күні: Астанада Elorda Aqparat медиахолдингінің дәстүрлі бильярд турнирі басталды

Бүгін, 12:08
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Республика күні: Астанада Elorda Aqparat медиахолдингінің дәстүрлі бильярд турнирі басталды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Биыл бесінші рет ұйымдастырылып отырған дәстүрлі додаға медиахолдинг қызметкерлері, басылым ардагерлері мен жазушы, зиялы қауым өкілдері қатысуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Турнирдің басты мақсаты – әріптестер арасындағы ынтымақтастықты нығайту, аға буын мен жас ұрпақтың сабақтастығын жалғастыру, мереке қарсаңында ортақ алаңда бас қосып, өзара сыйластықты арттыру.

Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан Әбдіреймжанұлы турнирдің ашылу салтанатында әкімдік атынан құттықтау сөзін сөйлеп, мұндай басқосулардың маңызын айырықша атап өтсе, классик жазушы Төлен Әдік қатысушыларға ақ батасын беріп, жарысқа сәттілік тіледі.

«Адамдардың бас қосып, араласып, бір-бірімен пікірлесіп, қуанышты бірге бөлісуінде үлкен мән жатыр. Адамдар бір-бірін көріп, араласып тұрмаса, сыйластық пен бауырмалдықтың қадірі де кемиді. Осындай іс-шаралардың арқасында үлкен мен кіші жақындасып, ұрпақтар сабақтастығы жалғасады. Бүгін сіздермен жүздесіп, Республика күні қарсаңындағы мерекелік іс- шараға қатысып отырғанымызға қуаныштымыз. Еліміздің мерейі үстем, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!» – деді жазушы.

Іс-шараның ашылу салтанатында Elorda Aqparat медиахолдингінің басшысы Олжас Сыдықбек қатысушыларды құттықтап, басылымдар тарихына тоқталды.

«13 қазан – біздің басылымдарымыз үшін ерекше күн. «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттерінің жарық көре бастағанына биыл 36 жыл толды. Тәуелсіздігімізбен құрдас қос басылым осы жылдар ішінде елордамыздың шежіресін жазып, қаланың тыныс-тіршілігін оқырманға жеткізіп келеді.

Газеттеріміздің тарихы Целиноград кезеңінен бастау алады. Басылымдардың қалыптасуына еңбек сіңірген алғашқы редакторлар мен журналистердің еңбегі әрдайым құрметке лайық. Бүгінде редакция ұжымы осы дәстүрді жалғастырып, оқырманға сапалы ақпарат ұсыну жолында еңбек етіп келеді. Бүгінгі турнирге редакторларымыз бен тілшілеріміз де қатысып отыр. Ендеше, мерейтойымызға орай ұйымдастырылған бүгінгі турнир табысты болсын!» – деді Олжас Сыдықбек.

Мерекелік шара аясындағы дәстүрлі турнир қатысушылардың басын қосып қана қоймай, әріптестік байланысты нығайтып, салауатты өмір салтын насихаттауға да үлес қосады.