Республика күніне орай Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда мерекелік концерт өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.
Көрерменге құттықтау сөзін Астана қаласы әкімінің орынбасары Талғат Рахманберді арнады. Ол жиналғандарды мерекемен құттықтап, бұл күннің ел бірлігі мен ынтымағын айшықтайтынын атап өтті. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан мемлекеттілігін нығайтып, халықаралық аренада өз орнын қалыптастырды.

«Заң – әр адамның құқығы мен бостандығының кепілі. Біздің басты міндетіміз – осы ұстанымның мәнін әр азаматтың терең түсінуіне ықпал етіп, қоғамның ортақ және мәдени құндылықтарын нығайту», – деді елорда әкімінің орынбасары.
Ол 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялануы еліміздің жаңа технологиялық мүмкіндіктерге жол ашуға ұмтылысын көрсететінін де атап өтті. Сонымен бірге басты қозғаушы күш білім, жауапкершілік және адам екенін айтты.
Концерт бағдарламасында өнердің түрлі жанры қамтылды. Сахнада опера әншілері, балет әртістері, күйшілер және Astana Musical мемлекеттік театрының әртістері өнер көрсетті. Сондай-ақ көрермен балалар шығармашылық ұжымдарының өнерін тамашалады.
Көрермен алдында Абылай Тілепбергенов, Құралай Мейрамбек, Айгүл Қосанова, Мадина Ислямова, Шұғыла Әдепхан, Жақсылық Сауқынбеков, Рахман Сатиев, Мархаба Сәби, Әли Оқапов, «Кешью» тобы, El voice, сондай-ақ Қайрат Баекенов пен «Формат» тобы өнер көрсетті.