Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен «Отбасы банк» АҚ арасында университет қызметкерлеріне арналған корпоративтік тұрғын үй бағдарламасын іске асыру жөніндегі келісімге қол қойды. Бағдарлама университеттің оқытушылары, жас мамандары мен ғалымдары үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Университет жобаға 200 млн теңге бөлді. Бастапқы кезеңде осы қаражат есебінен 30-дан астам қызметкерге қолдау көрсету жоспарланып отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz ЕҰУ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жас ғалымдарды қолдау, оның ішінде олардың тұрғын үй мәселесін шешу үшін жағдай жасау жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылуда.
«ЕҰУ Директорлар кеңесінің шешімі бойынша жобаны іске асыруға 200 млн теңге бөлінді. Бағдарлама аясында университет қызметкерлеріне үш жылға 6 млн теңгеге дейін қарыз беру қарастырылған. Тұрғын үй сатып алу үшін қызметкер тұрғын үй құнының 50%-на дейін жинақтауы қажет. Бұл ретте Отбасы банкіндегі депозитте жинақталған қаражат та ескеріледі. Бағдарламаның ерекшелігі университет қызметкерлеріне депозитте қаражат жинаудың ең аз алты айлық мерзімі туралы талап қолданылмайды. Әдетте «Отбасы банктен» несие алу үшін ақшаңызды депозитте кемінде 6 ай бойы қозғалтпай сақтау керек. Ал ЕҰУ қызметкерлеріне бұл ереже жүрмейді – үйді бірден алуға болады. Бұл тұрғын үй сатып алу үдерісін жеделдетуге мүмкіндік береді», - деді ЕҰУ проректоры Ләззат Төлегенқызы.

«Отбасы банк» АҚ Басқарушы директоры – Орталық филиалдың директоры корпоративтік тұрғын үй бағдарламасының шарттары туралы айтып берді.
«Жоба ЕҰУ-дың 30 жылдығына орайластырылған және Астананың жоғары оқу орындары арасында осындай алғашқы шешім болмақ. Әрбір күшті университеттің артында күн сайын білім мен ғылымды дамытуға өз білімі мен күшін салатын адамдар – оқытушылар, ғалымдар, зерттеушілер және мамандар тұр. Олар үшін жеке тұрғын үй – олардың ертеңгі күнге деген сенімділігі мен отбасыларының әл-ауқатының маңызды құрамдас бөлігі. Біздің бірлескен жобамыз қоныс тойын жеделдетуге, қолжетімді несие алуға көмектеседі. Университет қызметкерлері Астанадағы бастапқы және қайталама нарықта пәтер сатып ала алады. Бағдарламаны ЕҰУ-дың 30-дан астам қызметкері пайдаланады деп жоспарлануда», - деп атап өтті Жанар Ізімбетова.