Бағлан Бәйтіков: Тазы үйде ұстауға болатын таза ит
Бүгін — Қазақы тазы күні. Осыған орай тазы өсіруші, тазы иесі Бағлан Бәйтіковпен қазақы тазының ерекшелігі, оны асырау және тұқымын сақтау жайында әңгімелестік, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Бағлан Бәйтіков тазыны бала кезінен асырап келеді. Оның айтуынша, ол тазы ұстауды 4-сыныпта, шамамен 10 жасында бастаған.
«Тазыны 4-сыныптан бастап ұстаймын. 1980-жылдардан бері тазы асырап келемін. Біздің ауылда, Алмасайда, ақсақалдар тазыларды көп ұстаған. Олармен бірге аңға шығып, бала кезімнен осы итке қызықтым. Содан бері тазы ұстап келемін», — дейді ол.
Қазір оның үйінде төрт тазы күшігі мен сегіз ересек тазы бар.

Тазыны асырауда оның күтіміне ерекше мән беру қажет. Атап айтқанда, уақытылы әрі дұрыс тамақтандырып, қажетті күтім жасап, паразиттерден тазалап, үнемі жүгіртіп отырған жөн.
«Тазының басқа иттерден ерекшелігі — мінезінің сабырлығында. Оны жай ғана ит деп айтуға болмайды, ол — адамның досы. Балаларға да жұмсақ мінезді. Кейбір тазылар иесінен басқа адамға жоламайды. Тағы бір ерекшелігі — тазыдан басқа иттер сияқты жағымсыз иіс шықпайды. Сондықтан үй жағдайында да ұстауға болады. Бірақ оны үнемі жүгіртіп, далаға шығарып тұру керек», — дейді тазы өсіруші.

Бағлан Бәйтіков тазыларын негізінен аңшылыққа пайдаланады. Ал жарыстарға әлі қатыстырмағанын айтты.
«Мен тазыларымды аңшылыққа саламын. Жарыстарға қосып көрген жоқпын. Қазір балалар жарыстарға қатыстырып жүр, бірақ өзім әлі қатыстырмадым», — дейді ол.
Тазы тұқымын сақтаудың да өзіндік талаптары бар. Оның сөзінше, асыл тұқымды иттердің қасиетін жоғалтпау үшін селекцияға мұқият қарау қажет.
«Тазының тұқымын сақтау үшін қанын жаңартып, текті иттерді бір-бірімен дұрыс жұптастыру керек. Басқа иттердің қанын араластырмаған жөн», — дейді Бағлан Бәйтіков.

Тазы өсіруші жастарға да өз тілегін жеткізді.
«Жастарға айтарым — сабақтарын жақсы оқып, спортпен айналыссын. Тазы иттерімізді көбейтіп, осы ұлттық тұқымды сақтауға үлес қосса, басқа ештеңе керек емес», — дейді ол.