Конькимен жүгіруші Кристина Силаева: жаңа Олимпиадалық кезеңді бастап жатырмыз

Конькимен жүгіруші Кристина Силаева: жаңа Олимпиадалық кезеңді бастап жатырмыз
Фото: Сали Сабиров/ҰОК

Конькимен жүгіруден Астанада басталған Қазақстан чемпионатының алғашқы күнінде 500 метр қашықтықта чемпион атанған елордалық спортшы Кристина Силаева Elordainfo.kz. Elordainfo.kz тілшісіне жарыстан алған әсерін бөлісті.

- Конькимен жүгіруден жеңісіңізбен құттықтаймын! Қазақстанның екі дүркін чемпионы атанып отырсыз ба?

-  Көп рақмет! Шынымды айтсам, бұдан екі жыл бұрын қай орын алғаным есімде жоқ. Бірақ былтыр чемпион атанғаным анық. Демек, екі дүркін чемпионмын.

- 500 метр қашықтықтағы өнеріңізді қалай бағалайсыз?

- Дайындық кезеңі жақсы өтті. Осы жарысқа тыңғылықты дайындалдық деп айта аламын. Жоспар бойынша жүгіріп, қазіргі дайындығымның деңгейін және мүмкіндігімді көрсетуді мақсат еттім. Өздеріңіз көргендей, қашықтықты 38.28 секундта жүгіріп өттім. «Алау» мұзайдыны АҚШ, Канадағыдай жоғары биіктікте орналасқан деп айта алмаймын. Сондықтан жазық жердегі көрсеткішім ел чемпионатындағы нәтижемен шамалас. Көңілім толады.

- Қарсыластарыңыздың деңгейіне қандай баға бересіз?

- Қарсыластарым мықты. Мен өз жұбымда жасөспірімдер арасында 5 дүркін әлем чемпионы Кристина Шумекова сынға түстім. Ол да менімен шамалас айналым уақытын көрсетіп, күміс жүлдегер атанды. Енді 1 000 метр қашықтықта Кристинамен тағы тартысты бәсеке күтіп тұр. Арина Ильяшенко да жүлделі орындар үшін сынға түседі. Жалпы, бәсекелестік жоғары деңгейде деп нық сеніммен айта аламын.

- 500 метрден бөлек, тағы қандай қашықтықта өнер көрсетесіз?

- Тағы 1 000 метрге жүгіремін. Оған да дайындалып, бар күшімді салуға тырысамын. Бұл қашықтықта қаншалықты дайын екенімді нақты айта алмаймын. Жарыс алдында аздап ауырып қалдым. Бірақ қазір жағдайым біршама жақсарды. Жалпы, физикалық бабымды сақтап қалдым. Ертең де қазіргі мүмкіндігіме сай нәтиже көрсетуге тырысамын.

- Командалық спринтке қатысасыздар ма?

-  Жоқ, командалық спринтке қатыспаймыз. Спортшыларымыздың бірі ауырып қалғандықтан, командамыз толық жасақталмады деп ойлаймын.

- Жаңа олимпиадалық цикл басталды. Алдағы жоспарларыңыз қандай?

- Әзірге Олимпиада туралы нақты айтуға ерте. Қазір Олимпиададан кейінгі кезең. Кейбір жоғары деңгейдегі спортшылар, соның ішінде Милан Олимпиадасының чемпионы ЮттаЛердам демалып, осы маусымды өткізіп жіберуді ұйғарды. Ал бізде мұндай мүмкіндік жоқ. Дайындықты жалғастырамыз. Олимпиададағы нәтиже - төрт жылдық дайындықтың жемісі. Сондықтан біз үшін қазір жаңа кезең басталып отыр. Жаңа бапкер, жаңа команда, жаңа конькидің жаңа жүздеріне де бейімделуім керек. Осының бәріне үйреніп, өзіме қолайлы жағдай қалыптастыруға тиіспін. Тұрақты бабымды тауып, Олимпиадаға жақындаған кезде жоғары нәтиже көрсетуге ұмтыламын. Алда Азия ойындары да бар. Сол жарыстарға да мақсат қойып отырмын.

- Әлем кубогы кезеңдері мен әлем чемпионатында қандай нәтижеге қол жеткізуді көздейсіз? 

- Бұл жарыстарда да жақсы нәтиже көрсеткім келеді. Әлем кубогы кезеңдерінде үздік ондыққа енуді мақсат етіп отырмын. Ол үшін дайындықты сапалы өткізіп, оның нәтижесін бағалауымыз керек. Қажет болса, жоспарға өзгерістер енгіземіз. Егер бәрі ойдағыдай болып, нәтижем біртіндеп жақсара берсе, негізгі мақсатым - жекелеген қашықтықтар бойынша әлем чемпионатына жоғары дайындықпен бару.

- Сұхбатыңызға рахмет!