Неге адам бір қарызын жабу үшін екіншісін алады – психолог жауабы

Неге адам бір қарызын жабу үшін екіншісін алады – психолог жауабы
Фото: Жанар Искакованың жеке мұрағатынан

Бір несиені жабу үшін екіншісін алу, қарыз көбейген сайын кредиторлардың қоңырауына жауап бермеу, «қазір ақша алайын, кейін бір амалын табармын» деп ойлау әрекеттерінің артында қаржылық қиындықпен қатар психологиялық себептер де жатуы мүмкін. Адам неліктен қарыз шеңберіне түседі және одан шығу үшін қандай әдеттерін өзгертуі керек? Осы сауалдарға когнитивті-мінез-құлық терапиясы (КМТ) бағытында жұмыс істейтін психолог Жанар Искакова Elordainfo.kz тілшісіне сұхбат берді.

– Жанар ханым, адам бірінші қарызын жабу үшін неге екінші кредит немесе микрокредит алады? Бұған психологиялық тұрғыдан не итермелейді?

– Қарызын өтеуде қиындыққа тап болған адам ұзаққа созылған психологиялық күйзелісті бастан кешіруі мүмкін. Мұндай кезде мазасыздық күшейіп, болашаққа деген сенім азаяды. Адам қарызын қайтара алмаудың салдарынан қорқады, ұялады, өзін кінәлі немесе дәрменсіз сезінеді. Жағдайды бақылаудан шығарып алғандай күй кешеді.

Ол қарызын үнемі ойлап жүреді, кредиторлардың қоңырауын күтеді, жағымсыз салдардан қауіптенеді. Мұның бәрі ашушаңдыққа, ұйқы мен тәбеттің бұзылуына әкелуі мүмкін.

Осындай психологиялық қысым кезінде адамның ойлау жүйесінде қателіктер пайда болады. Ол мәселені жан-жақты бағалаудың орнына өзін мазалаған жағымсыз сезімнен тезірек құтылуға ұмтылады.

Сөйтіп, «бірдеңе істеу керек, ең бастысы – тезірек» деген ой басымдық алады. Жаңа кредит алу сол сәтте тығырықтан шығудың жолы болып көрінуі мүмкін. Бірақ адам көбіне қаржылық мәселені шешуден бұрын өзінің ішкі мазасыздығын азайтуға тырысады.

– «Қазір ала салайын, кейін бір амалын табармын» деген ойдың астарында қандай психологиялық механизм жатыр?

– Мұндай шешім көбіне адамның қазіргі жайсыздықтан тезірек арылуға ұмтылуымен байланысты.

Қатты күйзеліс кезінде ойлау аясы тарылып, адам ұзақмерзімді салдарды бағалаудан гөрі дәл қазіргі қиындықтан шығуға назар аударады. Оның шешім қабылдау икемділігі төмендейді.

Психологияда мұны когнитивті бұрмаланулармен, яғни жағдайды бағалаудағы ойлау қателіктерімен байланыстырамыз.

Адам жаңа қарыз алғаннан кейін уақытша жеңілдік сезінуі мүмкін. Өйткені бұрынғы төлемін жапты, кредитордың талабынан уақытша құтылды. Алайда бұл жеңілдік мәселенің шешілгенін білдірмейді. Керісінше, қаржылық міндеттемесі көбейе түседі.

– Қарыз көбейген сайын кей адам неге мәселені шешудің орнына одан қашып, тіпті кредиторлардың қоңырауына жауап бермей қояды?

– Қарыздың көбеюін адам қауіп ретінде қабылдауы мүмкін. Ал қауіп төнгенде психика қорғану тетіктерін іске қосады. Соның бірі – қауіп тудырған жағдайдан алыстау.

Мысалы, телефон шырылдағанда адам «Қазір менен ақша талап етеді» деп ойлайды. Осы ойдың өзі мазасыздық пен ұят сезімін туғызады.

Ол қоңырауға жауап бермейді. Сол сәтте мазасыздығы азаяды. Яғни адам мәселені шешпесе де, жағымсыз сезімнен уақытша құтылады.

Мұндай әрекет қайталана берсе, қоңыраудан қашу да әдетке айналуы мүмкін. Бірақ кредиторға жауап бермеу қарызды азайтпайды. Адам тек сол мәселеге байланысты сезінетін психологиялық ауыртпалықтан уақытша қорғанады.

– Қарызға байланысты ұялу, қорқыныш пен мазасыздық адамның қаржылық шешімдеріне қалай әсер етеді?

– Қарыз туралы ойдың өзі кей адамда күшті эмоциялық реакция тудыруы мүмкін. Әсіресе, қорқыныш пен мазасыздық шегіне жеткенде, эмоция адамның мінез-құлқына қатты ықпал етеді.

Мұндай сәтте мидың қауіпке жауап беретін жүйелері белсендірек жұмыс істеп, жағдайды байыппен бағалау қиындайды. Соның салдарынан адам асығыс немесе тиімсіз шешім қабылдауы мүмкін.

Негізгі қателік – мазасыздықтан уақытша арылуды мәселенің нақты шешімімен шатастыру.

Мәселен, адам тағы бір микрокредит алып, бұрынғы қарызын жапқанда өзін жеңіл сезінеді. Бірақ ұзақмерзімді тұрғыдан бұл әрекет оның жағдайын одан әрі қиындатуы ықтимал.

– Микрокредитті қайта-қайта алу тұрақты мінез-құлық дағдысына айналуы мүмкін бе?

– Иә, мүмкін. Мұны үйреншікті мінез-құлықтың қалыптасуымен түсіндіруге болады.

Мысалы, адам қаржылық қиындыққа тап болады. Микрокредит алады. Ақша қолына тиген соң мазасыздығы уақытша басылады.

Осы жеңілдік оның әрекетін бекіте түседі. Келесі жолы қаржылық қиындық туындағанда, адам бұрын көмектескендей көрінген тәсілге қайта жүгінеді.

Уақыт өте келе, «мазасыздық – микрокредит алу – жеңілдік сезіну» деген байланыс автоматты әдетке айналуы мүмкін.

Сондықтан қарыз шеңберінен шығу үшін қаржылық сауаттылықтың өзі жеткіліксіз болуы ықтимал. Адам өзінің эмоцияға жауап беру тәсілін де өзгертуі керек. Яғни мазасыздық пайда болған сайын асығыс қаржылық шешім қабылдамай, қиындықты шешудің басқа жолдарын үйренуі қажет.

– «Бірнеше минутта ақша», «тез әрі оңай рәсімдеу» деген жарнамалар адамның шешіміне қалай ықпал етеді?

– Мұндай жарнамалар адамның мәселені бірден шешуге деген қажеттілігіне әсер етеді. Әсіресе, қаржылық қиындық көріп жүрген адамдар үшін олардың ықпалы күштірек болуы мүмкін.

Жарнама ақшаны тез алудың артықшылығын алға шығарады. Соның нәтижесінде адам назарын дәл қазіргі пайдаға аударып, ұзақмерзімді салдарды екінші орынға ысыруы мүмкін.

Яғни ол қарыздың нақты құнын, оны қайтару мүмкіндігін толық бағалап үлгермей, шешім қабылдайды.

Дегенмен қаржылық қателіктің жалғыз себебі жарнама деп айтуға болмайды. Оның ықпалы мазасыздықпен, асығыс шешім қабылдауға бейімділікпен, қаржылық қиындықтармен және бұрыннан қалыптасқан әдеттермен ұштасқанда күшейеді.

– Қарыз шеңберінен шыққысы келген адам психологиялық тұрғыдан қандай әдеттерін өзгертуі керек?

– Ең алдымен, адам өзінің қайталанатын әрекетін түсінуі қажет. Ми бұрыннан таныс мінез-құлық үлгілерін автоматты түрде қолдануға бейім. Өйткені бұл шешім қабылдауды жеңілдетеді.

Сол автоматты әрекетті дер кезінде байқап, тоқтата білу маңызды.

Біріншіден, адам өзіне: «Мен қазір не істегелі жатырмын?» деген сұрақ қоюы керек. Мысалы, «Банкке хабарласып, тағы кредит алмақпын» деп әрекетін нақты анықтап алсын.

Екіншіден, сол шешімге не итермелеп тұрғанын түсінуі қажет. «Мен қазір не сезініп тұрмын? Неден қорқамын? Қандай сезімге төзе алмай отырмын?» деген сұрақтарға жауап іздеген дұрыс.

Үшіншіден, үйреншікті әрекеттің орнына басқа шешім қабылдауға тырысу керек.

Мәселен, адам өзін дәрменсіз сезініп, тағы қарыз алғысы келді делік. Осындай сәтте бірден әрекет етпей, он секунд кідіріп, асықпай онға дейін санап, терең тыныс алуға болады. Бұл автоматты реакцияны үзіп, жағдайды қайта бағалауға мүмкіндік береді.

Содан кейін өзіне: «Қазір қатты мазасызданып тұрмын. Сондықтан дәл осы сәтте шешім қабылдамаймын. Алдымен сабырға келейін. Бұрын тағы кредит алып жүрдім, бірақ ол мәселені шешкен жоқ. Енді өзіме қалай көмектесе аламын?» деп сұрақ қойған жөн.

Мұндай жағдайда маманға жүгіну, жақындарынан көмек сұрау, қосымша табыс көзін іздеу немесе артық шығындарды қысқарту сияқты балама жолдарды қарастыруға болады.

Ең бастысы – маңызды қаржылық шешімді қатты қорқыныш немесе мазасыздық үстінде қабылдамау. Адамның ұйқысы қанып, тынығып, эмоциялық жағдайы тұрақтанған кезде мәселені байыппен бағалау мүмкіндігі артады.

Өзіңізге қамқор болыңыз. Өйткені өзіңіз үшін ең қымбат адам – өзіңіз.

– Сұхбатыңызға рақмет!