Астанада оқушыларға құқық бұзушылық пен кибербуллингтен сақтану жолдары айтылды
Астанада «Заң және тәртіп» қағидатын нығайтуға бағытталған профилактикалық кездесулер өтіп жатыр. Қазірдің өзінде 26 білім беру ұйымында 7 мыңға жуық оқушыға құқық бұзушылықтың алдын алу, буллинг, зорлық-зомбылық, есірткі және интернеттегі қауіптер туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

16 қыркүйекке дейін жалғасатын кездесулерге 8-11 сынып оқушылары мен колледж студенттері қатысады. Мамандар жасөспірімдерге құқық бұзғаны үшін көзделген жауапкершілікті түсіндіріп, «жеңіл ақша» табуға шақыратын күмәнді ұсыныстардан және есірткі таратуға қатысты қылмыстық әрекеттерге тартылудан сақтану қажеттігін ескертеді.
Профилактикалық кездесулерге прокуратура, полиция, Экономикалық тергеп-тексеру департаменті өкілдері, білім беру саласының мамандары мен психологтардан құралған ведомствоаралық мобильді топтар қатысады.

Мамандар әлеуметтік желілердегі бейтаныс адамдардың ұсыныстарына сақтықпен қарау, кибербуллинг пен интернеттегі қауіптерден қорғану мәселелеріне де тоқталады. Оқушыларға нақты өмірлік жағдайлар мен бейнероликтер арқылы ойланбай жасалған әрекеттердің салдары түсіндіріліп жатыр.
Осындай кездесу №72 мектепте де өтті. Мұнда профилактикалық жұмыспен қатар білім беру ортасын жаңғыртуға басымдық берілген. 1 қыркүйекте 600 орындық жаңа корпус пайдалануға берілді. Бұған дейін мектеп 2,4 мың оқушыға есептелгенімен, мұнда шамамен 4 мың бала білім алған. Қазір мектепте 4854 оқушы бар. Жаңа ғимараттың іске қосылуы оқу процесін екі ауысымға ұйымдастыруға мүмкіндік берді.

«Балаларға оқу ыңғайлырақ болды, себебі бұрынғыдай тығыз емес. Қазір екі ауысымда білім алып жатырмыз», – деді №72 мектептің директоры Айман Дюсенова.
Жаңа корпуста физика, химия, биология, робототехника, информатика және STEM бағыттарына арналған заманауи кабинеттер жабдықталған. Мектеп басшылығының айтуынша, ғимаратты жабдықтау кезінде ұстаздар мен мектеп ұжымының ұсыныстары да ескерілген.
«Қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру мен құқық бұзушылықтың алдын алу жұмысы бір-бірін толықтырады. Оқушы қауіпсіздігі – заманауи ғимарат пен жабдық қана емес, сонымен бірге өз құқығын білу және өз әрекетіне жауапкершілікпен қарау», – деп атап өтті Айман Дюсенова.

Бұған дейін Астанада жастарға «жеңіл ақша» мен есірткі қылмысының қаупі түсіндірілгенін жаздық.