Астанада жастарға «жеңіл ақша» мен есірткі қылмысының қаупі түсіндірілді
Астанада «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу бағытындағы профилактикалық жұмыстар күшейтілді. Бірінші курс студенттеріне есірткі қылмысының салдары, интернет-алаяқтықтан сақтану және жеке деректердің қауіпсіздігі туралы түсіндірілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жастарға арналған профилактикалық іс-шаралардың алғашқысы «Астана медицина университетінің» бірінші курс студенттерімен өтті. Жоғары оқу орнына енді бейімделіп жатқан жастарға полиция қызметкерлері есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу, жеке қауіпсіздік және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша дәріс оқыды.

Іс-шараға Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің, елордалық Полиция департаментінің басшылық құрамы және Астана қаласы ПД жанындағы Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері қатысты.
Кездесу тек дәріспен шектелмеді. Студенттерге арналған ашық микрофон, картиналар көрмесі, Ішкі істер министрлігінің қару-жарақ көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ Полиция департаменті Кинологиялық қызмет орталығы мен Арнайы жедел әрекет ету жасағының қызметкерлері көрсетілімдік қойылымдарын ұсынды.

Профилактикалық кездесуде Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы, полиция полковнигі Бақытжан Қадырбеқұлы жастарға жеңіл ақша табудың қауіпті жолдарына қызықпауға шақырды.
«Әл-Фараби бабамыз «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дейді. Сондықтан білім мен еңбек бәрінен маңызды. Қазіргі цифрлық даму заманында жеке есеп-шот картаны, деректерді бөтен біреуге беруге болмайды. Бүгінде алаяқтықтың түрлі құйтырқы іс-әрекеттерінен сақ болуға тиіспіз. Жеңіл ақша табу опа бермейді.
Әлемге әйгілі боксшы Майк Тайсонның өзі тынбай еңбегінің арқасында жеткен. Есті алар есерліктен сақ болу қажет. Мұның жауапкершілігі ауыр. Жастар жас кезде оқып, дамып, үлкен жетістіктерге жетсе өзіне де, елге де кәде», – деді ол.

Іс-шараның басты мақсаты – жастарға есірткі құқық бұзушылықтарының құқықтық салдарын түсіндірумен қатар, интерактивті формат арқылы салауатты әрі белсенді өмір салтын насихаттау.

Мамандар жастарға әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы ұсынылатын «оңай ақша» табу туралы күмәнді ұсыныстарға да сақ болу қажеттігін ескертті. Жеке банк картасын, шот деректерін және басқа да жеке мәліметтерді бөгде адамдарға берудің қауіпті екені түсіндірілді.

Жастармен профилактикалық жұмыс оқу жылы бойы жалғасып, елорданың білім беру ұйымдарын қамтиды.

Бұған дейін Астанада «Заң мен тәртіп» идеологиясын іске асыру бағыттары талқыланғанын жаздық.