Қазақы тазы күніне орай елордалық маман марапатталды

Бүгін, 12:09
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Қазақы тазы күніне орай елордалық маман марапатталды
Фото: ұйымдастырушылардан

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінде Қазақы тазы күніне арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Іс-шараға Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров, Қазақстан Кинологтар одағының өкілдері, кинологтар, ит өсірушілер, хендлерлер, сондай-ақ ұлттық ит тұқымдарын сақтау мен дамытуға үлес қосып жүрген сала мамандары қатысты.

Салтанатты шара барысында ұлттық ит тұқымдарын сақтау, өсімін молайту және отандық кинологияны дамытуға үлес қосқан азаматтар марапатталды. Олардың қатарында Астана қаласы әкімдігінің «Арғымақ» ат спорты және ұлттық спорт түрлері клубы» МКҚК заңгерлік, кадрлық және ұйымдастыру жұмысы бөлімінің басшысы Әділхан Түкенов те бар.

Әділхан Түкенов негізгі қызметімен қатар қазақы тазы өсірумен айналысады және тазыларды далалық сынақтан өткізу бойынша сарапшы. Ұлттық ит тұқымын сақтау мен дамытуға қосқан үлесі үшін оған Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Құрмет грамотасы табысталды.

Іс-шара барысында министр Әлібек Қуантыров қатысушыларды Қазақы тазы күнімен құттықтап, қазақы тазы мен төбетті сақтау, олардың асыл тұқымдық және табиғи қасиеттерін дамыту, сондай-ақ отандық кинологияны қолдау бағытындағы жұмыстың маңыздылығын атап өтті.

Айта кетейік, биыл Қазақстанда Қазақы тазы күні алғаш рет аталып өтті. Мерекелік дата ретінде 3 қыркүйектің таңдалуының өзіндік мәні бар. 2024 жылғы дәл осы күні Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) қазақ тазысын алдын ала танып, №372 халықаралық стандартын бекітті. Қазақстан қазақы тазы тұқымының шыққан елі ретінде танылды.

Қазіргі уақытта елімізде ұлттық ит тұқымдарын сақтау, олардың асыл тұқымдық қорын қалыптастыру, қазақы тазының табиғи және жұмыс қасиеттерін сақтап, халықаралық деңгейде таныту бағытындағы жұмыстар жалғасуда.