Астанада жазасын өтеген азаматтарға қандай қолдау көрсетіледі
Астанада бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан және қоғамнан оқшауланбай жазасын өтеп жүрген азаматтарды әлеуметтік бейімдеу мен жұмыспен қамту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шара «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жиында мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар бірлескен жобалардың алғашқы нәтижелерін таныстырып, азаматтарды қайта әлеуметтендіру процесін цифрландыру бойынша ұсыныстарын айтты.

«Реабилитациялық технологиялар және концепциялар» қоғамдық қорының директоры Орынбасар Құлжабаеваның айтуынша, 2026 жылғы қыркүйекке дейін қорға 653 азамат тіркелген. Олардың 306-сы жұмысқа орналасса, 34 адам жеке кәсіпкерлігін ашқан. Бұдан бөлек, 146 азамат психодиагностикадан өтіп, 63 адам құқықтық кеңес алған. Қазіргі таңда 73 азамат әлі де жұмыссыз.
Қор мамандары жазасын өтеп шыққан азаматтарға заңгерлік және психологиялық көмек көрсетіп қана қоймай, жұмысқа орналасуға және жеке ісін бастауға жәрдемдеседі.
Жиын барысында қор мемлекеттік органдарға бірқатар ұсыныс жасады. Атап айтқанда, бос жұмыс орындарын тиімді іріктеу және азаматтарды сүйемелдеу үшін жасанды интеллект технологиялары мен цифрлық сервистерді енгізу, сондай-ақ «Әлеуметтендіру және оңалту» орталығын ашу ұсынылды. Сонымен қатар сотталғандарды жазасын өтеу кезеңінен бастап бостандыққа шығуға жүйелі түрде дайындау қажеттігі айтылды.

Астана қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің сотталғандар арасындағы тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің бастығы Әсел Мақашеваның мәліметінше, 2026 жылдың сегіз айында департамент бөлімшелерінен 485 сотталған азамат босатылған.
«Бостандыққа шығуға дайындық азаматтың мекемеге түскен сәтінен басталады. Олар мамандық алып, құжаттарын және әлеуметтік байланыстарын қалпына келтіреді. Биыл әкімдікке, ішкі істер органдарына және пробация қызметіне 883 хабарлама жіберілді», – деді Әсел Мақашева.
Оның айтуынша, 2026 жылы Астананы тұрғылықты жері ретінде таңдаған 67 азамат босап шыққан. Олардың 23-і әлеуметтік-құқықтық көмекке мұқтаж болған. 11 адам бейімдеу орталықтары мен баспаналарға орналастырылған.

Сонымен қатар жұмыспен қамту басқармасымен бірлесіп, «Қақпа алдындағы кездесу» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында биыл тоғыз кездесу өткізіліп, азаматтарға жазасын өтеп шыққан сәттен бастап алғашқы көмек көрсетілген.
Бұдан бөлек, босап шыққан азаматтарға 15 АЕК-ке дейін, яғни 64 875 теңге мөлшерінде біржолғы төлем қарастырылған.
Кездесуге қатысушылардың айтуынша, азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіндегі негізгі факторлардың бірі – ресми жұмысқа орналасу. 2026 жылы соттылығы бар адамдарға белгіленген квота аясында 21 азамат жұмысқа орналастырылған.

Қоғамдық ұйымдар мен ҚАЖ өкілдері жұмыс берушілерді еңбек заңнамасын сақтауға, ал мемлекеттік органдарды бұрын сотталған азаматтардың қаржылық мәселелерін шешуге, оның ішінде банк шоттарын бұғаттан шығару және банкроттық рәсімдеріне қатысты мәселелер бойынша қолдау көрсетуге шақырды.
Бұған дейін елордада есептегі тұлғалар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесі қаралған болатын.