Абзал Әжіғалиев: Бапкер ретінде жақсы нәтижелерге қол жеткізсем деймін

Абзал Әжіғалиев: Бапкер ретінде жақсы нәтижелерге қол жеткізсем деймін
фото: Olympic.kz

17 жасында ұлттық құрама сапына қосылып, 17 жыл бойы мұз үстінде ел намысын қорғаған Абзал Әжіғалиев спорттағы мансабын аяқтады. Төрт Олимпиадаға қатысып, әлем кубогында Қазақстан тарихындағы алғашқы жүлдеге қол жеткізген шорт-трекші Elordainfo.kz тілшісіне алдағы жоспарын айтып берді.

- Абзал, спорттық мансабыңызды аяқтағаныңызды әлеуметтік желідегі парақшаңыздан байқадық. Неге дәл осы сәтте спорттық жолыңызды аяқтауға шешім қабылдадыңыз?

- Спорттағы мансабымды аяқтау туралы шешімді қабылдау үшін көп ойландым. Өткен жолыма көз жүгіртсем, 2009 жылдан бері толассыз еңбектің арқасында төрт қысқы Олимпиада ойындарына, бірнеше қысқы Азия ойындарына, әлем чемпионаттары мен әлем кубогы кезеңдеріне қатысып үлгеріппін.

2011 жылы Қазақстанда өткен алғашқы қысқы Азия ойындарында эстафеталық сайыста тарихи қола жүлдені еншіледік. Ал 2025 жылы Харбинде өткен Азия ойындарында алғаш рет топ жардық. Олимпиада ойындарында екі мәрте еліміздің туын ұстап шықтым. Қатысқан Олимпиадаларымда жүлдеге бір қадам жетпей, 4, 5, 6-орындарда тұрақтадым.

2016 жылы әлем кубогы кезеңінде 500 метр қашықтықта жеңіске жетіп, Қазақстан тарихындағы алғашқы әлем кубогы алтынына қол жеткіздім.

Міне, енді 34 жасымда мұздағы спорттық жолыма нүкте қойдым. Дұрыс шешім деп есептеймін.

- Сіздің ұлттық құрамада өткерген 17 жылыңыздағы жетістіктеріңіз кей спортшылар армандап жатады. Өткен сәтке назар аударсаңыз, қай жарқын сәтті ерекше еске алып айтар едіңіз?

- 2009 жылы ұлттық құрамаға кірген сәтімді әлі күнге дейін ұмытпаймын. 17 жасымнан бастап, 34-ке дейін спортқа барымды бердім. 

2014 жылғы Сочи Олимпиадасы да ерекше есте қалды. Себебі, бірінші Олимпиада ойындарында нағыз жарыстың атмосферасы сезілді. Әрі эстафеталық сайыстың финалында 5-орынға тоқтадық.

- Бір спортпен тұрақты түрде айналысу, оның үстіне қайта-қайта өзінің мықтылығыңды дәлелдеу шыдамдылық пен үлкен ерік-жігерді талап етеді. Сіздің ойыңызша, шорт-трекпен шұғылданған сәтте ең қиыны не болды?

- Шорт-тректегі қиындықтың бірі - кезінде бұл спорт түрі Қазақстан үшін жаңа болды. Сондықтан көп нәрсені өзіміз ізденіп, үйреніп, тәжірибе арқылы түсінуге тура келді. Бұл спорт түрі Олимпиада бағдарламасына 1992 жылы кіргенімен, Қазақстан құрамасы тек 2010 жылғы Ванкувер Олимпиадасында ғана дебют жасады. Сол кезеңде шорт-тректің қыр-сырын меңгеріп, халықаралық деңгейге бейімделу оңай болған жоқ.

- Бұрынғы сұхбаттарыңызға назар аударсақ, бала кезде шорт-трекпен кәсіби түрде айналысуымды отбасымды бастапқыда қолдамады дедіңіз. Жеке өзіңіз осы спортқа өміріңізді арнайтыныңызды қашан сездіңіз?

- Шорт-трекпен айналыса бастағаннан кейін шамамен бір жылдан соң осы спортқа өмірімді арнағым келетінін түсіндім. Сол кезден бастап алдыма үлкен мақсаттар қоя бастадым. Әйтсе де отбасым бала кезде менің шорт-трекпен шұғылданғанымды қаламады. «Спорт саған не береді?», «Болашағың жоқ», «Одан да басқа бір мамандық таңдап, жұмыс істе» деген секілді сөздер айтылды. Бірақ осы спорт түрі өзіме қатты ұнағандықтан, қандай жайт болса да, соңына дейін барамын деп шештім.

- Спортта жеңіс пен жеңіліс және жарақаттар үнемі болатын қалыпты үрдіс. Бұған дейін де спорттық мансабыңызды аяқтағыңыз келген сәттер болып па еді?

- Менің ойымша, әр спортшының бәрін тастап кеткісі келетін қиын сәттері болады. Менде де ондай кезеңдер болды. Бірақ сол қиындықтарды жеңіп, алға қарай жүре берген кезде мінез қалыптасады. Нағыз чемпион мінезі де осындай сәттерде шыңдалады.

- Сіздің спорттық өміріңіздің 90 пайыздайы оқу-жаттығу жиыны мен жарыстармен өтті. Өзіңіз шетелдік спортшылармен қаншалықты достасып үлгердіңіз? Қаншалықты байланысып тұрасыздар?

- Шетелдік спортшылармен де, бапкерлермен де жақсы қарым-қатынастамын. Қазір де сөйлесіп, тәжірибе алмасып тұрамыз. Оларды әрдайым Қазақстанға шақырамын.

- Шорт-тректің әлемде бай тарихы болса да, Қазақстанда кейінгі 10-15 жылда ғана айтылып, әлем чемпионатының жүлдесі 2024 жылы ғана бұйырды. Өзіңіздің спорттық мансабыңызға көз жүгіртсеңіз, Қазақстан дәл осы спорт түрі қаншалықты дамып кетті деп айта аласыз?

- Қазір елімізде шорт трек жақсы дамып келеді деп ойлаймын. Бірнеше өңірде бұл спорт түріне қызығушылық артып, жас спортшылардың саны көбейіп келеді. Бұл, әрине, қуантады.

- Спорттағы мансабыңызды ресми түрде аяқтадыңыз. Енді бапкерлік жолға бет бұрасыз ба? Алдағы жаңа жолыңыз сізге қаншалықты таныс?

- Ендігі мақсатым бапкер ретінде дамып, жақсы нәтижелерге жету. Спортшы ретінде жинаған тәжірибем өте көп. Енді сол тәжірибемді жас спортшылармен бөлісіп, олардың жоғары деңгейге жетуіне көмектескім келеді.

- Бір сәтке 17 жыл бұрынғы, шорт-трекке енді ғана қадам басқан жас Абзалға оралсақ. Бүгінгі тәжірибеңізбен сол балаға бір ғана кеңес айту мүмкіндігі берілсе, оған не дер едіңіз?

- «Сен дұрыс жолдасың. Алдыңа қойған мақсатыңнан тайма, бапкеріңді тыңда, ең бастысы ешқашан берілме», - дер едім.

- Сұхбатыңызға рақмет!