«Балаңыз қатты дуаланған»: Полиция алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертеді
Полиция тұрғындарды қырағы болуға және алаяқтықтың жаңа түрінен сақтануға шақырады, деп хабарлайды Elordainfo.kz polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Соңғы уақытта интернетте өзін «емші», «көріпкел» немесе «балгер» ретінде таныстырып, азаматтарға «балаңыз қатты дуаланған» деп айтып, оны «емдеп, дуаны қайтаруды» ақылы түрде ұсынатын алаяқтық әрекеттер жиілеген.
Алаяқтар адамдардың қорқынышы мен алаңдаушылығын пайдаланады. Әдетте олар азаматтармен әлеуметтік желі мен мессенджер арқылы байланысып, сырқаттың түрлі белгісін айтып, жағдайдың күрделі екеніне сендіреді. Кейін «дуаны қайтару» немесе «қажетті затты сатып алу» сылтауымен ақша аударуды сұрайды.
Полиция ескертеді:
- интернеттегі бейтаныс адамдардың «емдеп жазу», «көз тиюді ушықтау» секілді уәдесіне сенбеңіз;
- таныс емес адамдардың есепшотына ақша аудармаңыз;
- жеке дерегіңізді, банк картасының деректерін және SMS арқылы келетін кодты ешкімге хабарламаңыз;
- қорқыныш пен дүрбелеңге бой алдырмай, алынған ақпаратты бірнеше дереккөз арқылы тексеріңіз;
- күмәнді жағдайға тап болсаңыз, хат алмасу тарихын және ақша аударылғаны туралы түбіртекті сақтап қойыңыз.
Есте сақтаңыз,алаяқтар адамдардың сенгіштігін, алаңдаушылығын пайдаланады.
Егер сізден осындай жолмен ақша талап етсе немесе алаяқтардың құрбаны болсаңыз, бұл туралы дереу 102 нөміріне хабарлаңыз.