Wildberries-тегі «арықтататын дәрі»: ШҚО-да заңсыз сауда әшкереленді

Wildberries-тегі «арықтататын дәрі»: ШҚО-да заңсыз сауда әшкереленді
Фото: pexels.com

Шығыс Қазақстан облысында дәрілік заттардың заңсыз айналымына қатысты 3 қылмыстық іс қозғалып, 21 әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл туралы ШҚО прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Прокуратураның үйлестіруімен 2025-2026 жылдары дәрілік заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қатысты жұмыстар жүргізілген. Салынған әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы 4 млн теңгеден асты.

Өскеменде «Wildberries» маркетплейсі арқылы арықтауға арналған дәрі ретінде күшті әсер ететін заттарды заңсыз сату ісі тергеліп жатыр.

Ал Зайсан ауданында медициналық ұйым қызметкерлерінің құрамында есірткі бар рецепттік препараттарды пациенттерге заңсыз өткізу фактісі анықталған.

ШҚО прокуратурасы дәрі-дәрмектерді бақылаусыз қабылдау мен өз бетінше емделу адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін ескертеді. Ведомство медицина қызметкерлерін препараттарды босату талаптарын қатаң сақтауға, ал азаматтарды дәрігердің тағайындауынсыз дәрі-дәрмек сатып алмауға шақырды.

Бұдан бұрын елімізде вейп саудасына қатысты 25 дерек тоқтатылған болатын.